2.4. Біз Қазақстанды өңірдің көшбасшысына, халықаралық құрметті әріптеске, сондай-ақ халықаралық лаңкестікке, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемлекетке айналдырдық.
Біз қаруланбау мен ядролық қарусыздану жолын таңдап алып, әлемдік қауымдастықтың алдында өңірлік қауіпсіздік факторына айналдық. Қазақстан Семей ядролық сынақ полигонын өз еркімен жапты. Әлемдегі төртінші ракеталық-ядролық әлеуетінен бас тартып, күллі дүниеге үлгі көрсетті.
Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестердің бастамашысы әрі белсенді қатысушысы болды.
Біздің еліміздің әлемдік аренадағы есімі Азиядағы Өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы ұсынысымен тікелей астасып жатыр десек асыра айтқандық емес. Өзіндік төлтұма құжат – Сенім шараларының каталогын қабылдаған Сыртқы істер министрлерінің Алматыдағы соңғы кездесуі - мен 1992 жылдың өзінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жасаған бастаманың ойдағыдай іске асуының жақсы айғағы.
Егер 1991 жылы әлемдік қоғамдастықтың іс жүзінде Қазақстанға қандай да бір ықыласы аумай келсе, бүгінгі күні Қазақстанды әбден танып, құрметтеп отыр.
Таяуда белгілі Ресей ғалымы академик А. Аганбегян атап көрсеткендей, «Қазақстан мен Қытай сияқты екі ел бүгінгі таңда жоғары экономикалық даму қарқынына жетіп отыр».
2.5. Біз қайда бара жатырмыз?
Мен жүзеге асқан бастамаларымызды баяндап бердім. Біз бірлесе отырып, еркін экономика мен ерікті ұлт жасақтау жолында алға жылжуымызға қажетті берік негіз қаладық.
Қазақстан бүгін әлемнің ең серпінді дамып келе жатқан елдерінің бірінен саналады, бұл да барша жұрт таныған ақиқат.
Қымбатты отандастарым! Сіздер менің ұлттың бастаушысы болуыма сенім жүктеп қана қойған жоқсыздар, сіздер әрдайым менің жанымнан табылып, сөздеріңізбен де, істеріңізбен де, мені әрдайым қолдап отырдыңыздар, сол үшін де мен сіздерге шын көңіліммен ризамын.
Біздің болашағымызды мен өзіме қалай елестетемін?
Еліміздің экономикалық және саяси дамуындағы түбегейлі жаңа кезең, Қазақстанды одан әрі жаңарту мен демократияландыру – біздің күн тәртібіміздегі мәселе осындай.
Сондықтан да алдағы уақытта менің күш-жігерім:
- мемлекеттілікті нығайтуға, Қазақстанды осы заманғы демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде дамытуға;
- еліміздегі және өңірдегі бекем тұрақтылықты нығайтуға; өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға;
- жаһандану талаптарына сәйкес экономиканы серпінді дамытуға және шикізаттық емес секторларды ілерілетуге баса ден қоя отырып, жаңа технологияларды дамытуға;
- білім беруді, кәсіптік даярлық пен әлеуметтік саланы 21 ғасырдың деңгейіне көтеруге;
- азаматтық қоғамды дәйекті дамыта беруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге;
- қазақ халқының моральдық және рухани құндылықтарын одан әрі дамыта беруге;
- діни негіздегі жатсынбаушылық пен конфессиялар аралық келісімді қамтамасыз етуге;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске;
- лаңкестікке, есірткі саудасына, кез келген түрдегі экстремизмге қарсы жаһандық күреске бағытталады.
Ендігі бір айтқым келетін жәйт: Қазақстан бүгін Еуропа мен Азия арасындағы коммуникациялар легінің түйіскен тұсында тұр. Біздің міндет - осынау бірегей геосаяси жағдайымызды өз еліміз бен халықаралық қоғамдастықтың мүддесі үшін ұтымды пайдалану.
Бүгін мен өзіміздің бұдан былайғы жаңғыруымызды жеделдетудің нақтылы жоспарын ұсынғым келеді. Соған сәйкес біз өзіміздің 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған іс-қимылымызды реттейтін боламыз.
3. Қазақстанның жеделдетілген экономикалық және әлеуметтік прогресі
Қазақстан өз азаматтары үшін өмір сүрудің жоғары стандарттарын жасай отырып, әлемнің тиімді дамып келе жатқан елдерінің қатарына қосылуға тиіс. Біз мұны ұлтымыз бен экономикамыз бәсекеге қабілетті болған жағдайда ғана істей аламыз.
3.1.Инновациялық экономика құру және шикізаттық емес секторды дамыту
Біз экономиканы диверсификациялауға бағытталған Индустриялық – инновациялық стратегияны іске асыра бастадық. Бұл болашақтың бағдарламасы.
Біз бәсекеге қабілетті экономиканың үлгісін таңдай отырып, бәсекелестікке қарымы мол басым салаларды дамытуға кірістік, сол арқылы қазақстандық кластерлер жүйесінің дамуына жол аштық.
Биылғы жылдың ортасына қарай біздің қолымызда нарықтың туризм, мұнай-газ машиналарын жасау, тамақ және тоқыма өнеркәсібі, көлік-логистикалық қызмет көрсету, металлургия және құрылыс материалдары сияқты салаларда, кемінде 5 -7 кластерін жасау мен дамытудың жоспары болуы керек деп санаймын. Ел экономикасының шикізаттық емес салалардағы ұзақ мерзімдік мамандануын, міне, солар айқындайтын болады.
Біз өзімізді жаңа технологиялар мен жаңа экономика әлеміне енгізетін экономикалық дамуды басқарудың түбегейлі жаңа жүйесі – Ұлттық инновациялық жүйе жасауды қолға алдық.
Индустриялық-инновациялық дамудың инфрақұрылымы қазірдің өзінде қалыптасты. Мемлекеттік даму институттарын капиталдандыру жыл басында 730 млн. АҚШ долларын құраса, инвестициялық жобалар портфелі 1 млрд. 200 млн. АҚШ долларынан асып отыр.
2004 жылы 204 инвестициялық жоба іске асырылса, соның тең жартысы даму институттарының қолдауымен жүзеге асты.
Біздің стратегиялық міндетіміз – бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан лайықты орын алу. Сондықтан да мемлекет пен жеке меншік сектор өзара сенім мен тиімділікке негізделген әріптестік қатынастарын жолға қоюы керек.
3.2. Шағын және орта бизнес туралы
Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіпорындары санының 90 пайыздан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы ішкі өнімнің 50 пайыздан астамын береді.
Сондықтан да біздің шағын және орта кәсәпкерлікті дамытудың түбірінен жаңа идеологиясын түзуіміз қажет. Біз кәсіпкерлік ортаның бастамашылығын іске асыру үшін қолайлы жағдай туғызуымыз керек.
Әрбір іскер қазақстандық осы ортаға кірігіп, инновациялық экономикадағы өз орнын табуға тиіс.
Қазақстандықтардың бастамашылығына кең өріс ашу үшін жағдай жасалды, кәсіпкерлер ендігі жерде осы мүмкіндіктерді пайдалана білсе игі!
Мен өңірлерді экономикада өршіл болуға шақырамын.
Ендігі жерде жаңа идеологияға сәйкес заңнаманы сапалық жағынан жақсарту міндет.
Қысқасы, сөзден іске көшетін, мемлекеттік кәсіпорындар мен мегахолдигтердің, ең алдымен ірі мемлекеттік компаниялар мен монополиялардың өздеріне үйлеспейтін міндеттерін шағын және орта бизнеске беру жөніндегі жұмысты тындыратын сәт туды. Сол арқылы біз бизнеске тың тыныс ашамыз.
Бұл ретте бірқатар стратегиялық маңызды мемлекеттік компаниялар акцияларының пакеттерін басқаруды арнайы құрылатын мемлекеттік холдинг компаниясына беру қажет. Әлбетте бұл шараларға қарсыласу да, сөз бұйдаға салу да болмай қоймайды. Бірақ Үкіметтің батылдық танытып, бұл іске мықтап кірісетін кезі келді.
Келесі бір мәселе туралы. Даму банкі мен Инвестициялық қорға барлық кәсіпкерлердің қолы жете бермейді. Сондықтан «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» өзіндік бір «үлкен қаржылық маркетке» айналуға тиіс. Біз Қорға биылғы жылы респубикалық бюджеттен қосымша 10 млрд. теңге бөлеміз, сонда шағын бизнес субъектілерін кредиттеу мүмкіндігі 25 млрд. теңгеге дейін өседі. Биылдан бастап, банк кредиттеріне кепілдік беру мен сақтандыруды жүзеге асыруды қолға алу керек. Мұның өзі қомақты мемлекеттік қолдау болмақ.
3.3 Аграрлық мәселелер
Биыл үш жылдық аграрлық азық-түлік бағдарламасын іске асыру аяқталады. Біз еліміздегі аграрлық бизнесті мемлекеттік реттеу мен қолдау жүйесін негізінен қалыптастырдық. Үстіміздегі жылы ғана ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға республикалық бюджеттен 57,9 млрд. теңгеден аса қаржы бөлінеді. Бұл рекордтық сома.
«Агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заң қабылдау қажет.
Алдағы уақытта Бүкіл дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіміз, біз бұл мәселені талай мәрте талқылаған болатынбыз, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне айрықша талаптар қоятын болады. Ендігі жерде ауыл шаруашылығы шикізатын өндіру мен өңдеу саласында кластерлік бастамашылықты іске асыру арқылы аграрлық өндірісті индустрияландыруға айрықша назар аудару қажет деп санаймын. Жеке меншік сектордың назарын нақ осыған аудару керек, сондай-ақ кредиттерді де, атап айтқанда, агроиндустриалдық саясат арнасында, осында тарту керек.
3.4. Қаржылық сектор мәселелері
Қаржы секторын одан әрі дамыту үшін қазір құнды қағаздар нарығын дамыту мен 2005 – 2007 жылдары жинақтау зейнетақы жүйесін дамыту бағдарламалары қабылданды. Енді тек жұмыс істеу керек.
Банктердің қызметі ашықтықтың айтулы өнегесі болуға тиіс. Ең алдымен, мұның меншік құрылымы мен аффилирленген тұлғалар туралы мәліметтерге қатысы бар. Банк қабылдайтын шешімдерге елеулі ықпалы бар барлық тұлғалар уәкілетті органның келісімін ала отырып, өздерінің мәртебесін нақтылай түсулері керек. Банктердің инвестициялық қызметіне қойылатын талаптарды топтасу негізінде ретке келтіру қажет. Аффилирленген тұлғалармен жасалатын мәмілелер банктерді тәуекелге барғызбауы шарт. Қаржылық қадағалау агенттігінің бұл жұмысты батыл жүргізуі міндет.
3.5. ХХІ ғасыр деңгейінде білім беру мен кәсіптік даярлау
ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біздің болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін қадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз.
Демек барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт.
Қазақстан жоғары оқу орындарының міндеті - әлемдік стандарттар деңгейінде білім беру. Ал жетекші оқу орындарының дипломдары күллі әлемде танылуға тиіс. Олар мұны істеуге міндетті.
Біздің әрбір қазақстандықтың жоғары білім алуына нақтылы кепілдік беруіміз керек.
Студенттердің оқуын бюджеттен қаржыландырудың бірыңғай жүйесін құру мақсатында Үкіметке білім беру кредиттерінің есебінен білім беруге арналған кредиттердің мөлшерін 50 пайызға арттыруды тапсырамын.
Сонымен бір мезгілде осы аталған кредиттердің қайтарылуына мемлекеттің кепілдігін беруді қамтамасыз ете отырып, екінші деңгейдегі банктер арқылы студенттерге кредит бөлудің осы заманғы жүйесін жасау керек.
Үкіметтің каникул кездерінде студенттерге тұрғын үйлер тұрғызатын құрылыс отрядтарында жұмыс беру, елімізді көгалдандырудың «Жасыл ел» бағдарламасын өрістетіп, бұл игілікті іске студенттерді қатыстыру мәселесін нақтылы қарауы міндет.
Енді оқытушылар жайында. Олардың проблемалары да бізге жақсы мәлім, бұл проблемалар шешіліп те жатыр, алайда бәрін бір сәтте шешіп тастау да мүмкін емес. Білім министрлігі Жоғары оқу орындарының ассоциациясымен бірлесіп, профессор-оқытушылар құрамына қолдау көрсету жүйесін ойластырғаны жөн. Айталық, қазірдің өзінде кез келген шетелде тәжірибеден өтуге баруды қарастыратын әрі бір жыл бойы ғылыми зерттеулер жүргізуге берілетін гранттың мәртебесіне ие «Үздік оқытушы» мемлекеттік стипендиясын тағайындауға болар еді.
Менің тапсырмам бойынша биылғы жылы Қазақ Ұлттық университеті мен Еуразия Ұлттық университетіне 20 шетелдік оқытушы кеңесшілер тарту үшін 2 млн. доллар бөлінді. Ендеше Батысқа танымал өзіміздің үздік мамандарымызды дәл осылайша неге марапаттамасқа!
Өзіміз зәру болып жүрген, әрі кадрларды сырттан шақыруға мәжбүр етіп отырған техникалық мамандықтарды бірінші кезекте дамыту керек деп санаймын.
Бәрі де мектеп қабырғасынан басталады. Сондықтан біздің 2008 жылдан бастап, 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшіп, педагогтардың кәсіптік деңгейін , оқулықтар мен білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруымыз керек.
Біз мұғалім мамандығының беделі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз.
3.6. Ана, бала, аға ұрпақ
Біздің стратегиямыздың маңызды мәселесі – қоғамның ең бір әлсіз қорғалған мүшелерінің - балалардың, олардың аналарының және аға ұрпақтың өмірін лайықты қамтамасыз ету. Мемлекет бұл мәселелерді шешу үшін қаражат аямайтын болады. Біз балалар мен жүкті әйелдерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде нақтылы шаралар қабылдадық, енді оларды іске асыратын боламыз.
2003 жылдан бастап, перзенттің дүниеге келуіне байланысты біржолғы жәрдемақы төленіп келеді.
Биылғы жылдан бастап, біз әлеуметтік қамсыздандырудың идеологиясы барынша қарапайым үш деңгейлік жүйесін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік реформаларды тереңдетудің үш жылдық бағдарламасын іске асыруды қолға аламыз. Біріншіден, бұл мемлекет кепілдік беретін негізгі әлеуметтік төлемдер. Екіншіден, бұл міндетті әлеуметтік сақтандыру. Ақыр аяғында, бұл кейіннен әлеуметтік төлемдерге айналатын азаматтардың ерікті жинақтаулары. Міне, осындай үш бастау азаматтарымыздың қарттық кезеңін лайығымен қамсыздандыруға тиісті жағдай туғызады.
3.7 Тұрғын үй мәселелері
Ендігі бір өзекті міндет – тұрғын үй проблемасын жеделдете шешу. Баспанаң болмайынша, түтін түтетіп, бала өсіру қиын.
Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер жауапкершілікті өздеріне алып, неге қабілетті екендіктерін қазақстандықтарға көрсетсін. Тұрғын үй құрылысы – біздің экономикамызды алға сүйреуші қуатты күш.
3.8 Рухани даму мен конфессиялар аралық келісім
«Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруды жалғастыра беру, сөйтіп өткенді пайымдау арқылы қазіргі заман мәдениетін жан-жақты дамыту қажет.
Біз осы саланы мемлекеттік қолдаудың толымды бағдарламасын қалыптастыруымыз керек.
Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігер жұмсауымыз керек.
Қазақ топырағы арқылы барлық әлемдік діндер өткен, сондықтан да жатырқаушылық немесе діни фанатизм сезімі бізге жат. Осынау рухани дәстүр, Жаратушының қандай жолмен болса да түскен сөзіне жүрегіміздің ашықтығы – Қазақстандағы конфессиялар аралық татулықтың аса маңызды тұғырларының бірі. Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этностар аралық, конфессиялар аралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз. Еліміздің өсіп келе жатқан бітімгершілік әлеуеті алдағы уақытта да мұқият сақталып, дамытыла береді.
3.9. Жоғарыда айтылған сөздердің бүгінгі күні әрбір отбасы үшін, әрбір қазақстандық үшін мәнісі неде?
1. Биылғы жылдан бастап, біз іс жүзінде әрбір отбасының мүддесіне игі ықпалын тигізетін 2005 – 2007 жылдарға арналған әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдету бағдарламасын іске асыра бастадық.
2. Үстіміздегі жылдан бастап, біз жекелеген сырқаттар бойынша бес жасқа дейінгі балаларды дәрі-дәрмекпен, ал жүкті әйелдерді – құрамында темір мен иоды бар препараттармен амбулаториялық деңгейде тегін қамтамасыз ететін боламыз.




