ШОҚТЫҒЫ БИІК ШОҚПАР
Жайсанбек ӘДІЛГЕРЕЕВ,
Шоқпар ауылының әкімі
Еңбекқор ауыл қойды көгендеп, оны жаппай сауды. Бидай тұқымын қолмен егіп, қолмен жинады. Жыл өткен сайын өз еңбектерінің нәтижесін көре білді.
Уақытында «Талапкердің кер қызыл қойы» деген тұқым шыққан. Өкінішке орай, бұл күнде оның бірі қалмады. Оның терісінен жүні қызыл тон тіксең де, жағаға пайдалансаң да ерекше көрініс беретін. Мұндай тонды киген жанның мәртебесі жоғары болатын.
Жоғарыда аталған колхоздардың өндірісі өсіп, халықтың әл-ауқаты көтерілген тұста ел болып басқа аймақтарға көмек ретінде мүліктен, малдан, тұқымнан қарайласа бастады. Мәселен, «Темірқазақ» колхозы төменге көшірілді. Шу өзенінің бойына жақындап, жаңа колхоздар іргесін қалады. Ал «Бота-Борым» колхозы «Талапкерге» қосылып, Кеңес аймағындағы үлкен орталыққа айналды. Ол жерде төрт жылдық мектеп ашылып, дүкен ұйымдастырылды. Электр жарығын беретін алғашқы мотор орнатылды.
«Талапкер» колхозының жоғарғы жағынан ел ұйымдасып, кетпенмен тоған қазды. Судың деңгейі көтеріліп, ауыл көшелеріндегі арыққа су жеткізілді. Бау-бақшамен айналысқан ел тал егіп, өз мекенін жасыл аймаққа бөледі.
Тың игеру саясатына байланысты 1954 жылы «Талапкер» колхозының орталығы Шоқпарға көшіріліп, «Шоқпар» совхозы ұйымдастырылды. Ал «Талапкер» осы совхоздың бөлімшесі болып қалды. Шаруашылықтың қанаты кеңге жайылды. Оның құрамына «Талапкер», «Тана», «Еспе» сияқты бөлімшелер қосылды.
1980 жылдың соңында Шоқпар совхозы өркендеді. Мұнда қой басы 40 мыңға жетті. Ал, егіс алқабында 4 бөлімше еңбек етіп, оның көлемі 20 мың гектар аймақты алып жатты. «Шоқпар» совхозының құрылуына коммунистік партияның Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру саясаты басты негіз болғандығын атап өткен жөн. Жергілікті жұрт шоқпарлықтарды бір кездері тыңгерлер деп атап жүрді. Тың көтеру түрлі ұлт өкілдерін, әр алуан тағдырларды тоғыстырып, ортақ мүдде аясына топтастырды. Тың шежіресін мол астық өндіру жолындағы белесті кезең десе болады. Біздің ауылымызда диқандарымыздың оныншы бесжылдықтағы ауыз толтырып айтарлық қол жеткен табыстары аз болған жоқ. Отан қоймасына Шоқпар алқабының алтын дәнін жөнелтуде көптеген дихан-механизаторларымыз: Аймағамбет Әукенов, Вяткина Нина Ивановна, Қылышбай Ажикеев, Серік Әшімбаев, А.Кушнарев, А.Дрисс, А.Швинцель, Р.Қатышева, С.Бейсебаев, И.Жапақов, Ж.Важиковтар ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Көбісі партия мен Үкіметіміздің жоғарғы наградаларына ие болды. КПСС XXVI съезі белгілеген жаңа бесжылдықтың алғашқы күнінен-ақ дихан-механизаторларымыз беташар жылды табысты жылға айналдыру үшін құлшына еңбек етті. Диқандар Отан қоймасына жоспардағы 11500 тонна Шоқпар астығын жөнелту үшін барлық мүмкіндіктерін сарқа пайдаланды. Межеден артық астықты жіберіп, үлкен марапатқа ие болды. Осындай игі істерді атқарған Шоқпар совхозында А.Притков, А.Нұрпейісов, Қ.Жұмағалиев, Қ.Әбдіқапаров, Х.Ю.Яшев, Ж.А.Бекбосынов, Ж.С.Әділгереев, К.Б.Бегдайыров, Б.Лаушановтар директорлық қызмет етті.
Шоқпар темір жолында ауылдың көптеген азаматтары еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққандары бар. Атап айтсақ олар: С.Арданов, А.Табулдиев, А.Тұрпанов, С.Тұрпанов, М.Михибаев, К.Қамбарбаев, Р.Даубаев, Т.Қиқымбаев, У.Аманбаев, Т.Кирбаев, С.Алдиев, Б.Бекдайров, Қ.Босқымбаев, М.Қылышбаев, А.Сүлейменов, Б.Аязбаев, К.Есдәулетов, С.Ахметов тағы да басқалары. Сонымен қатар жол аралық дистанция директорларын айта кеткеніміз жөн. Олар: Устинов, Мирзоян, Бархудариян, Рыжков, Барсуков, Самсонов, Г.Сержантов, Б.Қойгелдиев, Е.Искаков, А.Қойшыбеков, Т.Ошақбаев, Р.Искаков, А.Кекбекбаев, П.Әбдешов, С.Артықбаев. Қазіргі уақытта ПЧ-47 жоларалық дистанциясының директоры Табулдиев Жүнісбек Алтынбекұлы. Неше жыл қызмет еткен зейнеткеріміздің ішінде ордендермен марапатталғандары да бар. Темір жол саласында 38 жыл еңбек еткен Әбдінұр Қалкеев Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, Қазақстан Республикасының Алтын кітабына енгізілген. Кирбаев Әміржан 38 жыл еңбек етіп, II, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Тынышбай Сембаев, Қаупан Адаспанов, Нүсіпәлі Үзенбаев «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталды.
Тағы сол сияқты теміржолшылар Мәдіғұл Қайрақбаев, 1962 жылдан бері еңбек етіп, II, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталған. Әсет Тұтқышбаев 1978 жылы III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, мақтау қағаздармен марапатталып, темір жол саласында 40 жылға жуық қызмет етіп келеді.
Біздің ауылымыз Райымбек батыр мен Жиренше шешеннің замандастары болған Шоқпар батырдың есімімен аталады. Балқаштан Қырғыз еліне жалғыз жорыққа шығып, орта жолды қатты желден басындағы құлақшынынан, астындағы ала айғырынан айырылған Шоқпар батыр, бір өзеннің бойына келіп, қайтыс болады. Басындағы құлақшыны түсіп қалған жер – Құлақшын, аты өлген жер- Алайғыр, өзі өлген жер – Шоқпар өзені және сол өзеннің маңындағы ауыл Шоқпар ауылы атанғаны туралы аңыз бар. Тағы сол сияқты ауылымызда Алтай көлі бар. Бұл көлдің «Алтай» деп аталуының себебі: Алтай есімді Сиқым руының Ақылбек атасынан шыққан бай, қуатты кісі болған. Ол кісінің малының көптігі соншалық бәрі жиналып, көлдегі суды ішкенде оны тауысатын деседі. Алтай атамыз сол көлдің жанында жерленген. Атамыздың ұрпағы кейіннен ол кісінің мазарын тұрғызып, ат шаптырып, той жасады. Шоқпар жері киелі мекен. Бұл өңірден айтулы ақындар да шыққан. Атап айтсақ, Оңтүстік жыршысы, әрі қадірменді қария атанған Омарбай Малқаров. Ол кісі Оңтүстікте, Шымкентте еңбек еткенімен, Шоқпар ауылында дүниеге келген. Жеті жасында жетім қалып, өте аянышты, ауыр күн кешеді. Ержетіп, оң-солын танығаннан кейін темір жолға жұмысшы болып, іске араласады. Жиырма бір жасында боранда қалып, қос қолының тоғыз саусағы үсіп, оң қолының бас бармағы ғана қалса да қапалықтан өмірдің шырғалаң жолына түсіп кетпей:
"Тулап жаным өзеннің тасқынындай,
Жортып кеттім даланың қасқырындай” - деп тағдырмен бетпе-бет белдесуге шығады. Жазушылыр Одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде 25 жылдай қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққанға дейін облыстық "Оңтүстік Қазақстан” газетінде істейді. Сол кездері облысты басқарған Асанбай Асқаровпен, қарымды журналист- жазушы Қарауылбек Қазиевпен жақсы қарым-қатынас жасайды. Оның шығармалары 1937 жылдан бастап жарияланған. Ол "Оңтүстік жырлары”, "Қаратау әуендері”, "Менің ізім”, "Мен ат үстіндемін”, "Өтсе де күндер”, "Өмір өткелдері”, "Жырлайды өмір, жырлайды” тағы да басқа жыр кітаптарының авторы. "Оңтүстіктің Омарбайы” атанып кетсе де, ол туған елін, жерін ұмытқан емес. Шуға, Шоқпарға келіп, туған жерінің төсіне аунап, еліне еркелеп, марқайып кететін. Ақын КСРО орден-медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ауылымызда көп жылдан бері ұстаздық жолда келе жатқан қария, ардагерлер ұйымының төрағасы, білім беру ісінің үздігі - Шаймерденов Төлеухан Шаймерденұлы тұрады. Ол кісі жазушы да, ақын да, журналист те емес. О бастан мұғалімдік мамандықты қалап, бүкіл ғұмырын бала тәрбиелеу мен оқытуға арнаған ұлағатты ұстаз.
Шоқпар ауылынан Ұлы Отан соғысына 500-ге жуық азамат аттанған. Солардың 300-дейі қайтпай қалған. Аман келгендері ауылдың көркеюіне көптеген үлестерін қосты. Қазір сол ардагерлердің екеуі ортамызда. Олар Қалтай Садықов пен Омарқұл Садырбаев аталарымыз. Қалтай Садықов майданға 1942 жылдың 20 тамызында аттанған. Омбы өзенінің жанында 2-дивизияның 261-атқыштар полкінде атқыш болған. 1944 жылы 4 тамызда оң иығынан екі жерден ауыр жараланып, 1946 жылы ауылға оралған. Соғыстан кейінгі жылдары колхоз жұмысшысы, 1959-1968 жылдары стансада вагон құрастырушы болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Жары Күлшәрі Маханқызымен 11 бала өсіріп, тәрбиелеген. Сол сияқты Омарқұл Садырбаев атамыз 1941 жылы желтоқсан айында Алматы қаласында жасақталған 100-ші жаяу әскер бригадасына қатардағы жауынгер болып қабылданып, 1942 жылы Москва қаласы жанындағы "Молодой дуб” селосы үшін болған ұрыста жараланып, Иванов қаласындағы әскери госпитальда емделеді. Сауығып шыққаннан кейін 101-ші жаяу әскер бригадасына жіберіліп, 1944 жылы ауылға оралады. 1945- 1953 жылдары "Талапкер” колхозында ферма меңгерушісі қызметін атқарады. 1953-1969 жылдары Андреев атындағы колхозда және Далақайнар сауда ұжымында қызмет атқарды. Жолдасы М.Садырбаевамен 10 бала өсіріп, немере мен шөберелерін тәрбиелеуде.
Шоқпар ауылының құрметті азаматы. Ұлы Отан соғысы және еңбек арадгері, Шу қаласы мен Шоқпар стансасына аспалы көпір салдырған азаматтарымыздың бірі - Сағымбек Несіпбаев. Ол 1942 жылдың күзінде Қызыл Әскер қатарына шақырылып, 1943 жылдың ақпанында артиллеристер курсын бітіріп, майданға аттанған. Артиллеристер командирі болған. Майданда коммунистік партия мүшелігіне қабылданған. Ауылға 1946 жылы оралған. Елге келіп, майданнан қайтпаған екі ағасы Жотабек пен Кішкенбайдың бала- шағасына бас болып, үйленіп, көп балалы жанұяны аяғынан тұрғызған. Ол селолық кеңесті басқарды.
Ауылымызда 70-тен аса көп балалы аналар бар. Алтын алқа алған аналарымыздың саны - 25. Ауылымызда Ауған соғысына қатысқан азаматтарымыз баршылық. Атап айтсақ, А.Қойлыбаев, Қ.Сыздықов, Ғ.Абдухалимов, А.Аушевтар. Осы азаматтардың ішінде А.Қойлыбаев ерен ерлігімен әскерде қаза болды. Ауылымыздың бір көшесі осы боздақтың есімімен аталды. Қазір олардың екеуі тірі және ІІІ топтағы мүгедектер.
Ең қымбат құндылығымыз не? - десе, «ел тәуелсіздігі» - деп ойланбастан жауап береміз. Тәуелсіздік алғаннан бері халықтың әл-ауқаты жақсаруда. Тәуелсіздік таңы атқалы, ауылымызда көптеген жұмыстар атқарылды. Ауылдағы жеке кәсіпкер С.Карбузов аналар мерекесі қарсаңында алтын алқалы аналарға демеушілік көрсетіп, сыйлықтар таратты. "Әскербек” жеке шаруа қожалығы жағдайы төмен отбасыларға 50 кг ет үлестірді. Ауылымызда қамқоршылық кеңесі мен ауылдың жеке кәсіпкерлері әр мереке сайын еңбек ардагерлеріне, көп балалы аналарға, жарыстарға қатысқан азаматтарға демеушілік көрсетуде.
Жас ұрпақ өз тарихымызды білу үшін ауылымыздағы О.Жандосов атындағы орта мектептің жанынан 1992 жылы иманды ұрпақ тәрбиелеу мақсатында "Имандылық” отауы құрылған. Осы отаудың жетекшісі, тәжірибелі ұстаз Д.Молдағұлова. Әрине, бұл біздің мақтанышымыз. Кейіннен мектеп басшылары тарапынан отау жабылсын деген ұсыныс түсті. Одан кейін отау жабылып, Д.Молдағұлованың еңбегі арқасында 2005 жылы "Өлкетану” мұражайы ашылды.
Егемен еліміздің тірегі - жастар. Осы жастарымызға саналы тәрбие, сапалы білім берсек дейміз. Жастарымыздың көбі өнерпаз, көптеген іс-шараларға белсене қатысады. Ауылымызда жастарға тәлім-тәрбие беруде мәдениет ошағы, ауыл кітапханасы, «Жас Отан» Жастар қанаты құрылған. Жастарымыздың қатысуымен "Намыс дода” ойыны, "Әжелер сайысы”, КВН тағы да басқа ойындар өткізіліп тұрады. Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енуіне аянбай тер төгіп, қолымыздан келгенінше еңбек етейік.




