Сонымен қатар мен Үкіметке республикамыздағы әлеуметтік жүйені жақсарту үшін тағы да бірқатар шараларды іске асыруды жүктеймін:
• 2007 жылдан бастап зейнетақылық және әлеуметтік төлемдерді ағымдағы айдан кешіктірмей төлеуді жүзеге асыруға көшу керек, бұл мақсатқа шамамен 30 миллиард теңге бөлінсін.
• 2007 жылы Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс жобасы әзірленсін.
• Кәсіби-техникалық және жоғары білім беру мекемелері жүйесі арқылы білікті ұлттық кадрларды жұмысшы мамандықтары бойынша оқыту және кәсіби жағынан даярлау жөніндегі бағдарлама әзірленсін.
Бағдарламада кәсіби-техникалық білім беру жүйесіне қатысуы үшін ынталандыру және оның тетіктерін жасау арқылы Қазақстанда жұмыс істейтін ұлттық компаниялар мен жеке бизнестің әлеуеті іске қосылуы қажет.
• 2006 жылы тұжырымдамасы барлық халықаралық стандарттарға, Халықаралық еңбек ұйымы мен Бүкіләлемдік сауда ұйымының талаптарына сай келетін Еңбек кодексін қабылдау қажет.
• Үкімет 2006 жылы оралмандардың білімі мен біліктілігін ескере отырып, оларды иммиграция квотасына енгізудің объективтік өлшемдерін әзірлейтін болсын.
Қымбатты қазақстандықтар! Экономикалық игілігімізді арттыра түскен сайын біз әр кездерде түрлі жағдайларда өздерінің туған елі үшін қажет болғанда өмірі мен денсаулығын қиған жандарды, олардың отбасылары мен жақындарын ешқашан естен шығармауымыз қажет.
Қазақстан да олардың алдарындағы өзінің әлеуметтік жауапкершілігін ешқашан ұмытпайды. 2002 жылдан бастап 2006 жылға жоспарланған шығынды қоса есептегенде, республикалық бюджеттегі әлеуметтік көмек көрсету мен әлеуметтік қамсыздандырудың жыл сайынғы шығыны 160 миллиард теңгеден 362 миллиард теңгеге дейін, яғни екі еседен астамға өсті.
Өздеріңіз көріп отырсыздар, мүмкіндігінің артуына қарай мемлекет оларға көрсетілетін көмек мөлшерін одан әрі көбейте беретін болады.
4. Төртінші басымдық: Осы заманғы білім беруді дамыту, кадрлардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыру және Қазақстан халқы мәдениетінің одан әрі өркендеуі
4.1. Осы заманғы білім беру және білікті кадрлар даярлау жүйесін дамыту
Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі.
Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет.
Сондықтан он екі жылдық оқуға көшу шеңберінде техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындарында одан әрі оқуды таңдағысы келетіндерге он жылдық орта білім беруді жоққа шығаруға болмайды. Адамның өмір бойы білім алуы үшін жағдай туғызуымыз керек.
Жоғары білім алғысы келетін адамдар үшін мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен 12 жылдық білім алу жөніндегі ұсыныстар әзірленуге тиіс.
Жоғары білім беру саласында техникалық білім беруді дамытуға ерекше назар аудара отырып, жоғары оқу орындары желісінде оңтайландыру жүргізілуге тиіс. Осы заманғы мемлекеттік менеджерлер даярлау үшін Мемлекеттік басқару академиясының негізінде шетелдік серіктестердің қатысуымен ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ұлттық басқару мектебі құрылуы қажет.
Білім беру жүйесін дамытуды ынталандыру мақсатында жеке сектор мен мемлекет арасындағы серіктестікті нығайту, мемлекеттік-жекеменшік білім беруге кредиттер бөлу жүйесін жетілдіру қажет.
ЖОО-лардың мәртебесі мен мамандыққа қарай мемлекеттік гранттардың құнын саралауды ойластыруымыз керек.
4.2. Қазақстанның көпұлтты және көпконфессиялы болуы негізінде мәдениеттің ел мемлекеттілігінің қалыптасу үдерісіндегі рөлін нығайту
Қазір мәдениет саласын дамытуға мемлекеттік-жекеменшіктік қатысуды оңтайландыратын, яғни біздің таланттыларымыздың өзінің шығармашылық қызметінің есебінен лайықты өмір сүру деңгейіне жетуіне мүмкіндік беретін жағдайлар жасайтын кезең туды. Бұлар – елімізде ірі халықаралық өнер аукциондарын өткізу кезінде мемлекеттік қолдау да, талантты музыканттар мен орындаушыларға қолдау көрсету де, сондай-ақ, айталық, өнер көрмелерін сақтандыру мен тасымалдау жөніндегі мемлекет мейлінше аз қатысатын жекеменшік компания құру және басқа осындай шаралар.
Мәдениет саласындағы жұмыспен қамтылу дегеніміз – халқымыздың әл-ауқатынан бірден көрініс табатын икемді жергілікті сұраныстың орасан зор қайнары.
5. Бесінші басымдық: Демократияны одан әрі дамыту және саяси жүйені жаңарту
Өздеріңіз білесіздер, былтырғы жылы елімізде Демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы кеңінен талқыланды. Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия өткізілген пікірталастардың нәтижесін қорытындылады.
Біз елімізде Қазақстанның саяси жүйесі мен мемлекеттік құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған ауқымды саяси реформаларды жалғастыра беретін боламыз.
Демократиялық және өркендеген мемлекеттер орнатудың ортақ заңдылықтарын, сондай-ақ біздің қоғамның маңызды мәдени-тарихи белгілері мен дәстүрлерін үйлесімді ескеруіміз қажет.
Былтырғы жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысын сайлау кезінде қазақстандықтар көрсеткен ауызбірлік біздің қоғамның топтасқандығына күмән туғызбаса керек. Біздің азаматтар мұның өзі еліміздің тұрақты дамуының қажетті шарты болып табылатынын айқын түсінеді. Біз сайлауалды науқанның барысында тұңғыш рет қазақстандықтардың елдің тұрақсыздануы мүмкін деген алаңдаушылығы, ал кейбір тұстарда, тіпті үрейге бой алдыруы сияқты ерекше құбылыспен де ұшырастық, оның үстіне, әлдекімдер бәлкім солай дәмеленген болуы керек.
Сайлаудан кейін азаматтарымыздың көңілдері орнына түскен кездер де біздің есімізде.
Бізде демократиялық мәдениеттің терең дәстүрлерінің жоқтығы, еркіндікті ойыңа келгенді істеуге болады деп түйсіну елді тұрақсыздыққа ұрындыруы, біздің болашаққа арналған барлық жоспарларымызды белінен басып, өзімізді алысқа кері серпіп тастауы әбден мүмкін екенін мойындауымыз керек. Бұл біздің өткен президенттік додадан алған сабағымыз.
Біздің қателесу себептеріміздің бірі биліктің либерализмін оның әлсіздігі және бетімен кеткен бейпіл даңғойлардың қайсыбір "еркелігі” мен "қыңырлығына” тыйым салуға дәрменсіздігі ретінде қарадүрсін қабылдауда жатыр. Бізге аңдамастық пен адасушылықтан арылу керек.
Сондықтан елдің ішіндегі және сырттан айтылған сынға қарайлай бермей, біз демократиялық дәстүрлерді дамытумен бірге оны қорғаудың жеткілікті қатаң жүйесін қарастыруымыз керек. Сайып келгенде, заңды бұзғаны үшін қатал талап етуді жүзеге асырып, жалақорлық, ақшамен сатып алушылық пен зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік шаралары айқындалуы тиіс, ал қажет болса, тиісті заңдарды қайта қарауымыз керек.
Азаматтардың Конституция мен еліміздің заңдарын орындауын қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының міндеті. Олар үшін "қай жерде және кім не айтады?” дейтін сұрақ туындамауға тиіс, есесіне, "заңды бұзған екенсің – оның баптарына сәйкес жауапқа тартыласың” дейтін нақты ереже бар. Олай болмаған күнде біз кеңестік кезеңдегі "заң қалай бұрсаң солай бұрылатын тәртенің” керін қайталайтын боламыз.
Құқық қорғау органдарының осы ережені орындамайтын басшысы өз лауазымында қалмауы керек. Біз құқықтық мемлекет пен демократиялық қоғамды басқаша құра алмаймыз.
Біз діни экстремизмнің таралуына қатаң тосқауыл қоюымыз қажет.
Біз әлеуметтік саланы дамытуға, елді дамыту бағдарламаларын орындауды бақылау үшін ҮЕҰ-ны белсенді түрде тартуға тиіспіз. Сонымен бірге олардың заңда көзделмеген қызметіне жол бермеуіміз керек.
Қазақстан халықтары Ассамблеясы, міне, он жылдан астам уақыт бойы көпұлтты Қазақстан халқын біріктіру міндеттерін ойдағыдай шешіп келеді. Осы уақыт ішінде еліміз бен халқымыз үшін маңызды шешімдер қабылдаған кезде, біздің Ассамблеяны назардан тыс қалдырған немесе оның ұстанымын есепке алмаған оқиға менің есімде жоқ. Осы қоғамдық институттың рөлін арттыра беру қажет деп ойлаймын. Бұл мәселелердің бәрін Демократияландыру мәселелері жөніндегі мемкомиссия қарайтын болады.
6. Алтыншы басымдық: Осы заманғы қауіп-қатерлер мен қыр көрсетулерге қарсы бара-бар ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру
Біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігін одан әрі нығайтудың барынша басым бағыттарының қатарына мыналар жатады.
6.1. 2006-2010 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздіктің жаңа стратегиясы
Қазақстанның мемлекеттілігін, ұлттық егемендігі мен тұтастығын нығайту жаңа Әскери доктринаның негізінде жүзеге асырылуға тиіс. Ол күш пен құралдардың жедел қанат жаюын жүзеге асыруға қабілетті, ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін кәсіби армияның жасақталуын көздеуге тиіс.
Қазақстанның Қарулы Күштері осы заманғы әскери-техникалық құралдармен қамтамасыз етілуге тиіс, олар Қазақстан мен жаңа халықаралық ахуал үшін өзіндік ерекше қатерлерге сай келетін жоғары қорғаныс технологияларына орынды үміт артады.
Қажетті қаражатты егжей-тегжейлі есептеп, оларды Әскери доктринада ескерген жөн және қойылған міндеттерді шешу үшін мемлекеттік бюджеттегі қорғанысқа арналған шығындар көлемін ұлғайту қажет.
6.2. Діни экстремизмге қарсы іс-қимылға және халықаралық лаңкестік пен есірткі саудасына қарсы күреске бағытталған саясат
Лаңкестікке, ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз қару-жарақ таратуға, есірткі саудасы мен басқа да осындай қатерлерге қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту Қазақстанның тиісті халықаралық шарттар мен келісімдерді әзірлеуге және нақты іске асыруға белсене қатысуын қарастырады. Біз қазіргі заманның осындай қыр көрсетулеріне қарсы тұру үшін ҰҚШҰ және ШЫҰ шеңберінде бірлескен оқу-жаттығу шараларына, сондай-ақ лаңкестікке қарсы НАТО-мен бірлескен бастамалар мен операцияларға қатысу арқылы Орталық Азия өңірі мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайтуға тиістіміз.
6.3. Ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағдарламаны дәйекті түрде іске асыру
Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолында үнемі жұмыс істеп, ахуалды жақсартып келеміз, алайда бірқатар қаржы-өнеркәсіп топтарының ақша ағыстарының ашық болмауы және олардың табысты жасыру, қаржы мен мүлікті шетелдерге шығару, салық төлеуден жалтару есебінен заңсыз баюы, сондай-ақ көлеңкелі экономика біздің дамуымыздың елеулі шектеулеріне айналып отыр. Нақ осы топтар өкілдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге шақырған ұрандары дүңкілдеп тұр. Сонымен бірге бюджеттің негізгі ысырабы да нақ осында жатыр. Сөзден іске көшетін уақыт жетті.
Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың, сондай-ақ ірі жеке меншік компаниялардың қызметі мен қаржы ағыстарының ашықтығын қамтамасыз ететін заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Бұл – жекешелендіру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету, салық саясаты, жер қойнауын пайдалану және жер қатынастары салаларында шешімдер қабылдау.
Ашық айналымнан шығарылған капиталдар мен мүліктерге рақымшылық жасау проблемасын нағыз жауапкершілікпен және байсалды түрде қарастыратын уақыт жетті деп ойлаймын. Ашық жүргізілген бұл үдеріс Қазақстанның ашық экономикасын құрудың маңызды элементтерінің біріне айналар еді. Әлбетте, капиталға рақымшылық жасау туралы мәселені пысықтау қажеттігі жайында айтқан кезде, мен есірткі саудасы, қарақшылық, заңсыз қару-жарақ саудасы және басқа қылмыстық әрекеттер арқылы алынған табыстар жайын меңзеп отырған жоқпын.
Капитал мен мүлікке рақымшылық жасау ақысыз іске аспайтынын арнайы атап көрсеткім келеді. Заңды айналымнан шығарылған немесе шетелдерге әкетілген активтерге салықтар салынбағаны және мемлекет бюджетін толықтырмағаны белгілі. Бұл қарыздар заңдастырылған активтер құнының 10%-дық арнайы салығы арқылы өтеліп, ол ел бюджетіне түсуі тиіс. Бұл капиталды заңды айналымнан шығару арқылы алынған табыс үшін онша үлкен төлем емес.
Сол арқылы мемлекет өз елінің дамуы үшін азын-аулақ салық төлеп, өз активтеріне заңды иелік етуге арнайы құжат түрінде құқық алып, адал болып, тыныш өмір сүруді ұсынады.
Егер олардан 10% салық төленетін болса, біз активтерді Қазақстанға қайтаруға мәжбүрлемейміз. Активтердің тығулы жатпағаны, иесіне жұмыс істеп, кіріс кіргізіп жатқаны түсінікті. Ендеше "Мысалы, АҚШ азаматы өз елінен тыс жерлерде активтері бола отырып, шет елдерден тапқан табысынан салық төлейді, ал біздің азаматтар неге мұны істемейді?” дейтін сұрақ туындайды.
Халықаралық тәжірибе бойынша төлеуі тиіс.




