Мемхолдингтер басшыларына 2007 жылғы тамыздан кешіктірмей, Президенттің бекітуі үшін өздерінің дамуы мен жаңа құрылымының тұжырымдамасын ұсынуды тапсырамын. Стратегиялары мен құрылымдары бекітілгеннен кейін "Самұрық”, "Қазына”, "ҚазАгро” алдарына қойған міндеттерді іске асыруға кірісулері керек, ал басшылары олардың жұмыс нәтижелері үшін дербес жауап береді.
Бесінші бағыт – Өндіруші сектордың тиімділігі мен макроэкономикалық қайтарымдылығын едәуір арттыру
Біз алдағы уақытта да жауапты әрі өзара тиімді энергетикалық саясат жүргізуге ниеттіміз.
Көмірсутегі секторын одан әрі дамытуды, шетелдік және жергілікті инвесторларды тартуды экономиканы әртараптандырумен тікелей байланыстырып, осы арқылы жаңа, келешегі зор өндірістер құру жөніндегі маңызды міндеттерді шешу керек.
Үкімет тиісті заң жобасының қажеттігін қаперге ала отырып біздің табиғи ресурстарымызбен жұмыс істейтін ірі инвесторлардың алдына Қазақстанды индустрияландыруға үлкен әрі нақтылы үлес қосуы жайында мәселе қоюы керек.
Біз, ең әуелі, Қазақстанның ұлттық басымдықтарын негізге аламыз. Бұл ретте біз көршілеріміз бен халықаралық әріптестеріміздің тұрақтылығын, болжампаздығын және ұзақ мерзімді мүдделестігін қамтамасыз етеміз.
Қазақстанның өңірлік энергетикалық кеңістіктегі тұғырын одан әрі нығайтудың тұтастай стратегиясын әзірлейтін уақыт жетті.
Біріншіден, Үкімет мемхолдингтермен бірлесіп, қазақстандық энергияны экспортқа шығарушылардың халықаралық рыноктардағы қолжетімділігін қамтамасыз ету және ынталандыру жөнінде нақты шаралар қолдануға тиіс.
Екіншіден, Үкімет газ өндіру саласының жаңа стратегиясын тұжырымдауы және оны іске асырудың заңнамалық негізін жасауы тиіс.
Үшіншіден, энергетиканы үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін өз көршілерімізбен келелі келіссөздер жүргізіп, олардың көздерін Орталық Азияда өңір мемлекеттерінің энергетикалық желілерінің кешенді жүйесін жасақтау тиімді болатынына, сондай-ақ өңірлік және халықаралық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін нарықтық жүйе қалыптастыруға жәрдемдесетін Энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құрудың да маңызды екеніне көз жеткізуіміз керек. Мұның өзі өңірдегі барлық елдердің мүддесіне сай келеді.
Төртіншіден, өзіміздің табиғи ресурстарымызды ұқыптылықпен пайдалану және қоршаған ортаның ластануы, ескірген әрі "лас” технологияларды бақылаусыз әкелу, қалпына келетін ресурстарды тиімсіз пайдалану секілді және басқа да проблемаларды шешу үшін ықпалды заңнамалық негіз қалыптастыру қажет.
Каспий қайраңындағы мұнай өндірілетін кен орындарын игеру барысында табиғатты қорғауға бағытталған заңнаманың сақталуына бақылауды күшейту қажет. Үкімет көмірсутегін өндіру кезінде "Жасыл мұнай” қағидаты бойынша экологиялық стандарттарды қатаң сақтауға міндеттейтін халықаралық сертификаттар енгізу мәселесін қаперге алуы тиіс.
Біздің энергетика мен мұнай-химия салаларын дамытудың басты мәселесі – энергия өнімдеріне қосылған құнды ұлғайту арқылы осы секторлардың табыстылығын арттыру. Әсіресе, мұнай-химия, газ ресурстары, экспорттық энергия маршруттары сияқты басым секторларды басқару пәрменді болуы тиіс.
Біріншіден, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мұнай мен газ өңдеу кәсіпорындарын жаңарту мен қайта жарақтау, жаңа мұнай-химия өндірістерін құру жөніндегі бағдарламалар әзірлеп, оларды іске асыруы қажет. Біз мұнай мен газ секторында қосылған құны жоғары және ілеспе әрі аралас өндірістерді дамытуға тиіспіз.
Үкімет еліміз экономикасының қазіргі кезеңдегі негізгі саласы осы министрлікті – энергетиканың күрделі мәселелерін біліктілікпен шешуге қабілетті осы заманғы кадрлармен толықтыруы қажет.
Екіншіден, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе, энергия үнемдейтін технологияларға көшу жөніндегі практикалық шаралар бағдарламасын әзірлеуге тиіс. Табиғи ресурстарды үнемдеу мен ұтымды пайдаланудың мұндай технологиялары мен бағдарламаларын енгізуді экономикалық, әлеуметтік және экологиялық факторларды оңтайлы ұштастыру қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырған жөн. Мұндай бағдарлама, айталық, энергетика өндірісі мен тұтыну қалдықтарын төгу мен орналастыруға қатаң мемлекеттік бақылау енгізу, кәсіпкерлердің экологиялық нормаларды сақтау жөніндегі контрактілік міндеттемелерін орындауы, қалдығы аз технологиялар енгізу және басқа да мәселелерді қарастыруы қажет.
Үшіншіден, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі осы жылдың соңына дейін мұнай мен газ саласында теңдестіре өндіру мен экспортқа шығаруға, сонымен бір мезгілде көмірсутегінің жаңа кен орындарын барлау мен іздестіруге және мұнай-газ ресурстарын пайдаланудың жаңа тәсілдерін пайдалануға бағытталған жаңа даму стратегиясын әзірлеуі тиіс.
Төртіншіден, заңнамалық базаны жетілдіріп, жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануы мен міндеттемелерін орындауының кешенді мониторингін жүзеге асыру қажет. Үкімет бюрократиялық кедергілерге жол бермеуге, рұқсат ететін құжаттар тізбесін азайтып, жер қойнауын пайдаланушыларға құқық беру тәртібін оңайлатуы тиіс.
Бесіншіден, Үкіметтің ірі кәсіпорындардың әлеуметтік міндеттемелерін орындауы және шетелдік білікті жұмыс күшін қазақстандық мамандармен алмастыру жөніндегі контрактілік міндеттемелеріне бақылау жүйесін жетілдіруі қажет.
Алтыншы бағыт – Ырықтандыру жағдайында қаржы жүйесінің орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігінің жаңа деңгейі
Біріншіден, біздің банктеріміз жергілікті рыноктағы, сондай-ақ өңірлік әрі халықаралық жобалардағы бәсекелестік тартысқа әзір болуы керек. Біздің қаржы жүйемізге резидент еместердің қолжетімділігіне байланысты қойылған бірқатар шектеулерді біз Қазақстанның БСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздер аясында алып тастадық.
Екіншіден, Қазақстанның банк жүйесі тарапынан экономиканың келешегі зор секторларына нарықтық жағынан орнықты қолдау көрсетуі үшін жағдай жасалуын және банктердің өңірлік экономикалық жобаларға, соның ішінде мемлекеттік – жеке меншік әріптестік шеңберінде қатысуын күшейту қажет.
Үшіншіден, екінші деңгейдегі қуатты банктердің капиталын ұлттық ауқымдағы, әсіресе, энергетикалық, инфрақұрылымдық және "серпінді” жобаларды іске асыру үшін тарту туралы маңызды мәселені шешу қажет.
Төртіншіден, капиталдың қозғалысы саласындағы негізсіз шектеулерді алып тастау жайындағы мәселеге тағы да оралуымыз қажет. Бұл мәселені Қазақстанның оңтайлы жиынтық сыртқы қарызын қолдау қажеттігін есепке ала отырып қарастырған дұрыс. Біздің банктеріміз сыртқы қаржыландыруға шектен тыс иек артады, мұның өзі еліміздің сыртқы жиынтық қарызының бақылаусыз ұлғаюына әкеп соқтыруы мүмкін.
Бесіншіден, біз тиімді жұмыс істейтін қор рыногын құруымыз керек. Халықты өзінің жинақ ақшасын бағалы қағаздарға салуға кеңінен тартпайынша, оның дамуы мүмкін емес. Халықты инвестициялық сауаттылық әліппесі бойынша нысаналы оқыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізу де қажет.
Алтыншыдан, электрондық банк қызметтері инфрақұрылымын кеңейту үшін заңнамалық негізді одан әрі жетілдіру электрондық сауданы дамытудың қуатты факторына айналмақ.
Үкімет Қаржылық қадағалау агенттігімен бірлесе жоғарыда көрсетілген, осындай жұмысты жүргізудің стратегиясы мен қажетті заңнамалық қамтамасыздығын әзірлеуі тиіс.
Жетінші бағыт – Қазақстан үшін тиімді жағдайларда БСҰ-ға кіру
Қазақстанның жаһандық экономикадағы бәсекелестік ұстанымдарын көп ретте оның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруіне байланысты айқындалатын болады. Бұл міндетті біз бірнеше жыл бойы дәйекті түрде шешудеміз, әрі тиянақтауға да тақаумыз.
Біріншіден, еліміздің ұлттық мүдделерін ескере келгенде, биылғы жылдың соңына дейін Қазақстанның заңнамасын БСҰ-ның міндетті келісімдерінің нормаларына сәйкес келтіру қажет.
Екіншіден, Қазақстанның БСҰ-ға кіруінің барысында Үкімет аграрлық секторды қолдаудың лайықты деңгейін сақтап қалуы және өнеркәсіп орындарын БСҰ жағдайында тиімді жұмыс істеуге дайындау жөніндегі тиісті бейімдеу шараларын іске асыруы керек.
Үшіншіден, кедендік әкімгерлікті жетілдіру мен кеден қызметі мамандарының осы заманғы талаптарға кәсіби сәйкестігін қамтамасыз ету жөнінде нақтылы, пәрменді және жүйелі шаралар әзірлеу қажет. Біз экономиканың ашықтығы, өңір елдерінің арасындағы кедендік кедергілерді азайту және өңірдегі сыртқы тарифтердің бірыңғай деңгейін белгілеу саясатын жүргізуге тиіспіз. Осы және басқа да мақсаттарға арнап, мемлекет соңғы жылдары өзіміздің кеден жүйесіне едәуір қаржы бөліп келеді.
Төртіншіден, барлық заңды тұлғалардың қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына көшуі үдерісін жеделдету керек.
Бесіншіден, Үкімет "Атамекен” одағымен бірлесіп, таяудағы уақытта экономиканың барлық секторларындағы өзіміздің өндірісшілер мен кәсіпкерлеріміз үшін тиісті ұсыныстар әзірлеуге тиіс.
ІІ. Әртараптандыру, инфрақұрылымдық дамыту және жоғары технологиялық одан әрі индустрияландыру негіздерін жасау арқылы Қазақстан экономикасының өсуі мен тұрлаулылығын басқаруға бағытталған мемлекеттік саясат
Сегізінші бағыт – Экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес секторды дамыту
Үкімет экономиканың басымдыққа ие шикізаттық емес секторларындағы "ұшқыр” инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударуға міндетті.
Біз "жинақтауларымызды өсіруден” ендігі жерде "өсуді басқаруға” көшуіміз керек, мұның өзі, ең алдымен, инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстан экономикасын одан әрі индустрияландыруға бағытталған инвестициялық саясатты жүргізу дегенді білдіреді.
Біріншіден, Үкімет нақтылы еселемелі тиімділік беретін жаңа технологиялық және жүйе құрайтын өндірістерді дамытуға қажетті жағдай туғызуға тиіс. Мұндай өндірістердің, айталық, мұнай-газ машиналары, арнайы қорытпалар өндірістерін, биохимиялық және мұнай-химия өнімдері, тамақ, тоқыма, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдары өндірістерін және басқаларын қамтуы мүмкін.
Екіншіден, аграрлық саясат саласында Үкімет оның салаларының өнімділігі мен кірісін өсіру, отандық өнімнің ұлттық бәсекелестік артықшылықтарын дамыту есебінен агроөнеркәсіп кешенін тұрлаулы дамыту бағдарламасын іске асыруы керек.
Үшіншіден, заңнамалық базаны жетілдіру, жер қойнауын пайдаланудың кешенді мониторингін және жер қойнауын пайдаланушылар міндеттемелерінің орындалуын жүзеге асыру қажет.
Төртіншіден, Үкімет жер қойнауын пайдалану, машина жасау және ауыр индустрия салаларында қазақстандық қызмет көрсету рыногын дамыту жөнінде пәрменді шаралар әзірлеуге тиіс.
Үкімет пен мемхолдингтерге "Атамекен” кәсіпкерлер одағымен кеңесе отырып, аса ірі компаниялар үшін олардың индустриялық әртараптандыру стратегияларын қалыптастыру жөніндегі талаптар мен ұсыныстарды тұжырымдауды тапсырамын.
Тоғызыншы бағыт – Жоғары технологияларды енгізуге және инновацияларды қолдауға бағытталған біртұтас мемлекеттік стратегия жүргізу
Біріншіден, өзіміздің бәсекелестік артықшылықтарымызды негізге ала отырып, технологиялар трансфертін белсенді әрі байыпты жүргізуіміз керек. Сырттан жаңа технологиялар әкеліп, оларды жетілдіруді жүзеге асыратын, сондай-ақ отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізумен шұғылданатын конструкторлық бюролар мен жобалау ұйымдарының желілерін құруға жәрдемдесу қажет.
Екіншіден, жоғары технологиялар саласындағы жобаларды қаржыландыруды, соның ішінде венчурлық негізде қаржыландыруды қолдайтын құрылымдар жасақтау керек. Қазақстан ғалымдарының үздік әзірлемелерінің "сыртқа” кетуіне жол беруге болмайды.
Үшіншіден, Қазақстан бизнесінің инновациялық белсенділігін көтермелеу шарт. Ғылыми-зерттеу және конструкторлық қызметтегі зор күш-жігер жеке меншік сектордың еншісіне тигені жөн.
Төртіншіден, зерттеу жұмыстарына мемлекеттік тапсырыстар жасауды бір жүйеге келтіру қажет, сонда ғана бұл жұмыстардың нәтижесіне экономиканың нақтылы секторында сұраныс туатын болады.
Бесіншіден, зияткерлік меншік пен сауда белгілерінің қорғалуын нығайтып, технологиялық сектордың дамуына ықпал ету керек. Танысу мен қаржыландыру үшін ашық болатын инновациялар мен патенттер банкін құру қажет. Бұл – "Қазынаның” міндеті.
Оныншы бағыт – Экономикалық өсу мен бәсекеге қабілеттіліктің өңірлік орталықтарын қалыптастыру және олардың жұмыстарын бастауы
Едәуір экономикалық әлеуеті бар көшбасшы қалаларды басымдықпен дамыту есебінен өңірлік орталықтарды және экономикалық өсу мен бәсекеге қабілеттіліктің "өзекті арналарын” үйлесімді қалыптастыру өңірлік дамуды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Үкімет тұтастай алғанда ел экономикасын өркендетудің орталықтары ретінде дамыту үшін олардың мүмкіндіктерін зерделей келіп осындай орталықтарды анықтауға тиіс.
Небәрі он жылдың ішінде шалғайдағы шағын қаладан осы заманғы мүмкіндігі мол шаһарға айналған біздің байтағымыз – Астананың экономикалық өркендеудің аса маңызды орталығына айналғаны, әлбетте, қазақстандықтарға ғана емес, баршаға аян.
Егер біз әлемнің айтулы астаналарымен шындап бәсекеге түскіміз келеді екен, онда өзіміздің осы мүмкіндіктерімізді одан әрі еселей беруіміз керек.
Біріншіден, Астананың оңтүстік-шығыс бағытындағы оң және сол жағалауда кемінде екі жаңа орталық салуға кірісуіміз керек.
Екіншіден, Астанадағы Ұлттық биотехнологиялар орталығы жаңа ғылыми кешенінің құрылыс қарқынын жеделдетудің маңызы үлкен.




