Осыған байланысты біз алдағы уақытта:
Біріншіден, өзіміздің көршілерімізбен Орталық Азияның бүкіл аумағында барынша қолайлы іскерлік ахуал орнықтыру жайында келісіп алуымыз керек. Біздің компанияларымызға көрші елдерге еркін қаражат салуға мүмкіндік беретін, импорт пен экспорт арнасында, капитал мен жұмыс күшінің жылжуында бюрократиялық және кедергілерді серпіп тастауға мүмкіндік беретін ерекше келісімдер жасасу қажеттілігі тууы да ықтимал.
Екіншіден, біз өзіміздің күш-жігерімізді Орталық Азия мемлекеттерінде шетелдік қаржы институттары мен отандық компанияларды тарту арқылы тиісті жобаларды іске асыру мәселелеріне жұмылдыруымыз қажет. Бұл, ең алдымен, "Қазына” қорының міндеті.
Үшіншіден, өзіміздің көршілерімізбен бірлесіп, жұмыс күштері жылжуының арнайы тәртібін енгізу мәселесін талқылай алар едік. Біз Орталық Азия өңірі елдерінің білікті жұмыс күшінің еркін, бірақ басқарумен жылжып тұруын жақтаймыз.
Отызыншы бағыт – Қазақстанның "өркениеттердің үндесуін” дамытудағы мәдениетаралық және конфессияаралық орталық ретіндегі тұғырын бекемдеу
Халықаралық қоғамдастықта біздің елімізде тұрып жатқан және Қазақстанның біртұтас халқы болып табылатын барлық ұлттар өкілдерінің ұстамдылығын, конфессияаралық және мәдениетаралық татулығын қамтамасыз етуге бағытталған сара саясатымыз барынша танылып отыр.
Біріншіден, бүгінде мәдениетаралық және конфессияаралық үндесудің маңызды халықаралық орталығы ретінде Қазақстанның рөлін жаңа деңгейге көтеру керек. Қажет болған кезде біздің еліміз тайталас туып кетуі ықтимал жағдайларда өзара келісуге боларлық саяси шешім табу жолында халықаралық дәнекер міндеттерін де атқара алар еді.
Екіншіден, өркениеттердің үндесуін кеңейту мен тереңдетуге дәл осылайша мүдделі болып отырған бірқатар мемлекеттермен бірлесіп, біз осы заманғы дүниенің өзекті мәселелері бойынша Шығыс пен Батыс арасындағы түсіністікті жақындастыруға бағытталған ірі халықаралық бастамалар жасай алар едік деген ойдамын.
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!
Біз алдымызға қойып отырған биік мақсаттарға жету биліктің барлық органдары мен институттары, іскер, ғылыми және сарапшы топтар тарапынан қосымша көп жігер-қайрат жұмылдыруды, керек десеңіз, көп ретте іске жаңаша қарауды, мүлде тосын тұрғыдан келуді талап етеді.
Ең бастысы, кешенді жаңарту үдерісі еліміздің күллі халқының, қоғамның барлық топтары мен институттарының мүддесі үшін, әрі солардың тікелей қатысуымен жүргізіледі.




