Биздин ю тубымызга кирендер https://www.youtube.com/chann...

Жайсандағы қазба жұмыстары

Жайсандағы  қазба  жұмыстары

 

ТАРИХ ҚОЙНАУЫНАН СЫР ШЕРТЕДІ

 

Мүмкін, қанмен бойыма сіңген табиғи әуестіктен болар, мен кей кездері әлем картасын қолға алып, бар дүниені бір сәтке болса да ұмытып, зейін қоя қарап шығатыным бар. Сондай кездері қандай күй кешер едің деп сұрай қалсаңыз, мен мынаны айтар едім:  мен қазақ атты елде туып, қазақ болып қалғаныма мақтанамын әрі қуанамын. Қуанатын себебім, әлгі картадан қазағымның ұлан-байтақ  даласын  көріп, сан ғасырлар өтсе де, қаншама аласапыран замандар болса  да сол киелі жерін ешкімге таптатпаған ата-бабаларымның ерлігіне  басымды ие отырып, сол халықтың бүгінгі бір жұрнағы екендігім еді.

Сол кең-байтақ қазақ даласының бір пұшпағы - киелі де қасиетті Шу өлкесі. Өзім жарық дүниеге келіп, суын ішіп, ауасын жұтып, ризығын теріп жеп жүрген қастерлі мекенімді ардақ тұтып, мақтан етсем несі айып? Бүкіл қазақ даласына бөліп жібергенде алақандай ғана жерді алып жатқан Шу аймағы да қастерлі де киелі. Олай болатын себебі бұл өлкенің де тарих қойнауында сыр бүккен, әлі де зерттелуін, келер ұрпақ қажетіне жаратуға тиесілі небір құпия сырлары көп-ақ. Соның бірі әрі бірегейі -  Жайсан тауының бөктеріне орналасқан Жайсан жайлауы. Кезекті әңгімеміз де сол жайлы болмақ.

 

Мұндағы орын тепкен ғұрыптық-мемориалды ескерткіштер сізді бірден тарихтың терең қойнауына сүңгітіп жіберері даусыз. Бұл ескерткіштер табиғаты өте қолайлы, жер бедері жайлы жерлерде орын тепкен. Аталмыш ғибадатхана ауданымыздың Кіндіктас жотасының солтүстік-батыс баурайының далалы бөліктерінде өзі аттас далада орналасқан. Жайсан жайлауындағы ескерткіштерді зерттеу және сақтау жұмыстары 2001 жылдан басталды. Бүгінде ғибадатхана құрамында әрқайсысы ондаған жерлеу және ғұрыптық құрылыстардан, жартас беттеріндегі сурет өнері мен рулық таңбалардан тұратын 37 ғұрыптық-мемориалды кешендер ашылды. Далалы алқапта орналасқан барлық ескерткіштер сайлардың жоталарындағы оңтүстіктен-солтүстікке 12, шығыстан – батысқа 22 шақырымға созылып жатқан кеңістікті алып жатыр. Кешендердің орналасқан жерінің жалпы аумағы 93 мың гектарды құрайды. Ескерткіштердің орналасуында мынадай заңдылықтарды ескерген жөн: жерлеу құрылыстары кешеннің батыс жағында, ал ғұрыптық құрылымдар шығыс жағында орналасқандығын атап айтып өтуіміз керек. Сирек жағдайларда ғана қоршаулардың ортасында немесе культтік кешендердің батыс жағынан табылады. Сайын далада жүргізілген барлау және зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жалғызданған, жұп, үштен және бірнеше көршілес қабырғалармен бір-біріне жанасқан бөлімдерден тұратын қоршаулар ашылды.  Бүгінде сол ғұрыптық қоршауларда 38 тас мүсін сол күйінде тұр. Аталған барлық ескерткіштер тағзым ету орындары, яғни ата-баба аруағына арналып тұрғызылған.

Енді бір сәт осылардың сырына тереңірек үңіліп көрелік. Қазақ даласын көптеген мыңжылдықтар бойы қоныс еткен халықтар өз жерін қызғыштай қорып, кие тұтқан. Осы орайда ұлы ойшыл Шоқан Уәлиханов былай дейді: «Адам... күнге таңғалып, оған табынды, айды көріп – оған да табынды; ол бүкіл табиғатқа табынды, ол көк аспан деп атаған Көк тәңірі, уақыт тәрізді мәңгілік, белгісіз күші бар табиғаттың барлығына табынды...»

Ең жақсы дала аумағында құрылған мәдениет ескерткіштері табиғатқа деген киелі қарым-қатынасты көрсетеді. Қасиетті қазағымның көп ғасырлық кеңістікті игеру тәжірибесін көрсететін көрікті аймақтарының бірі - Шу аймағы. Шу-Іле таулары жоталарымен қоршалған осы ауданды адам баласы тас ғасырдан бастап игерді. Көшпенділердің тастағы өнері көп мөлшерде қолайлы жартастарда қашалғанынан көреміз. Жайсан  жайлауындағы жаңадан ашылған жартас суреттері бүгінде ғылымның үлкен жетістігіне айналып отыр. Соларға қарап отырып біздің бір айқын аңғаратынымыз – ата-бабаларымыз «Әулие» түсінігіне  терең мән берген. Халқымызда ертеден қалған «Әулие бұлақ», «Әулие көл», «Әулие тал» деген атаулар тегіннен-тегін айтылмаған. Табиғат жағдайы керемет те әсем ауданда кешендердің тығыз орналасуы адамдардың мұнда сан ғасырлар бойы тұрып келе жатқандығын айқындайды. Осы күнге дейін өзгермей келе жатқан әулиелі жерлерге табынудың дәстүрі сақталып, киелі су мен қастерлі жерге барып емделудің және балалы болудың ырымы ұмытылмай келе жатқандығы таң- қалдырмай қоймайды. Киелі жердің әулиелік жаратылыс күші болатындығы тағы шындық. Бірақ жасыратыны жоқ, кейінгі кезде мүсіндер, жартастағы суреттер, рулық таңбалар жойылу қаупіне ұшырады. Қазақ  даласында, соның ішінде Жайсан жайлауында орналасқан аса құнды мәдени мұралар әлемдік деңгейде көпшіліктің назарын аударып келеді. Тіпті сонау Жапониядан, Түркиядан, Америкадан келген зерттеушілер көшпенділердің мәдениетін бірігіп зерттеуге ықылас қоюы – бұл да тегін емес. Мәселен, Дюссельдорф (Германия) қаласынан келген Е.Шуберттің пікірінше,  ескерткіштер тұрған аймақ Еуропа елдерінен келетін туристер үшін ең тамаша демалыс орны бола алады екен. Бұл - бір деңіз. Екіншіден, қазіргі кезде туған еліміз қисайған жүгін түзеп, даму жолына түсті. Жастарымыз өз тілінің, дінінің, ділінің қадір-қасиетін түсініп, әрі жете ұғынып, имандылыққа бет бұрды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ қазақы қалпына келе бастады. Бұған да тәубе дейміз, шүкіршілік етеміз. Сөз соңында көкейімізде мынадай ой тұрып алып:  мені айтшы, мені айтшы, - дегендей түртпектеп, маза бермейді. Жас желкендей болып, өскелең жас ұрпағымыз тамырын тереңге жайып келеді. Сол жастарымыз біздің өлкемізде де осындай ғажайып жерлер бар екенін зерделеріне түйіп жүрсе деген ой еді біздің айтпағымыз.

... Сіз өміріңізде Жайсан жайлауына барып көрдіңіз бе? Бармасаңыз, барыңыз, көріңіз, аралаңыз. Астыңызда желмен жарысқан көлік тұрғанда ондай киелі де қастерлі жерге бармай қалу – бұл үлкен айып. Бұл - ата-бабаларымыздың алдындағы, барша әруақтар алдындағы кешірілмес күнә, һәм қасірет. Өйткені бұл дүниеде ештеңе де мәңгі емес екендігін сол аймақты аралай жүріп ой түйесіз, ойланасыз, бағамдайсыз. Ал ойланудың өзі қазіргі таңда адамға аса  қажет-ақ болып тұрған жоқ па?...

 

 

Қарсыбек КӨПЖАСАРОВ.

Жайсан жайлауы.

 

Кіру формасы

іздеу

Күнделік

«  Қазан 2017  »
ДССсСрБсЖмСбЖс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Бағалау

Оцените мой сайт
Барлық жауаптар: 97

Статистика


Онлайн барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0