Биздин ю тубымызга кирендер https://www.youtube.com/chann...

ӨНЕР МЕНІҢ ӨМІРІМ

ӨНЕР МЕНІҢ ӨМІРІМ

Ауылда туып, ауылда өстім. Жасы үлкендерді көріп қалсам, жүгіріп барып қос қолдап сәлем беретінмін. Дүниеде ауыл адамдарынан асқан ақ көңіл адамдар жоқ шығар... «Қарағым, өркенің өссін! Кімнің баласысың?» - деп бар мейірін төгетін. Өз басым үлкен шаруа бітіргендей немесе көп жақсылық жасағандай мәз болып қалатынмын. Осындай ізеттілікті бала кезімнен әке-шешем құлағыма құя берді емес пе?!

Адам бала кезінен бір нәрсеге бейім келеді. Менің маңдайыма домбырашы болу жазылған іспетті. Бәлкім содан болар, қазақтың қара домбырасын жаныма серік еттім. Өнерге ден қойған пенде құс ұйқылы болады екен. Күннің көзі шығар-шықпастан қолыма домбыра алғалы алпыс жылдың жүзі болып қалды. Домбыра менің жай серігім ғана емес, сырласым. Екеуміз қосылып, мұңдасамыз, әрі шерімізді тарқатамыз. Арманын аялаған, қиялын тербеткен жанның талабы таудай болатынына көзім жетті.

Аудандық мәдениет үйіне қызметке тұрып, күйшілігіммен елге таныла бастаған кезім еді. Ауылға жолым түскенде әкем Желдібайдың тел қозыдай құрдасы Ыдырыс ақсақалға әдеттегідей іздеп барып, сәлем бердім. Ол кісі де домбырасын жанынан тастамайтын шебер күйші болатын. Аз-кем амандықтан кейін, әлгі кісі: «Сендей ұлы бар Желдібайда, шіркін, арман жоқ қой», - деп күрсініп салды. Өз кіндігінен перзенті болмаған өнер адамының бұл үлкен арманы еді. Кешікпей «Ыдырыс» деп күй шығардым. Кейін оны қайта жетілдіріп, «Ыдырыстың шертпесі» деп толықтырдым. Мұны айтып отырған себебім, менің әр туындымның өз кейіпкері бар.

Тағы бір мысал айтайын. Бала кезден бірге өскен інім Қарауылбек Қазиев өсе келе қаламы қарымды жазушы атанды. Өкінішке орай, өмірден ерте озды. Сол бауырым көзі тірісінде өзіне «Бозжігіт» деп бүркеншек ат қойып, талай рет жабық бәйгелерде жазушылар арасынан бас жүлде алды. Менің «Бозжігіт» деген күйімнің өмірге келуінің бар сыры осында.

Күйші-композитор ретінде атағым алысқа тарай бастағаннан мені Алматыға, Таразға және басқа қалаларға шақырған өнер ордалары аз болған жоқ. Олардың құрметтегеніне алғысымды айтып, ауылды тастап кете алмадым. Жақында ғана Астанада алғашқы шығармашылық кешім өтті. Мұндай бас қосулар Алматы мен Тараз қалаларында игі дәстүрге айналған. Менің шығармаларымды Құрманғазы атындағы мемлекеттік-ұлттық оркестрдің сүйемелдейтінін әрдайым мақтан етемін.

Жас өнерпаздарға айтарым, шын талант иесі болсаң, ауылда жүріп-ақ абыройың арта береді. Ауыл менің алтын бесігім, өнер –менің өмірім.

 

Әбдімомын ЖЕЛДІБАЕВ,

«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Кіру формасы

іздеу

Күнделік

«  Желтоқсан 2017  »
ДССсСрБсЖмСбЖс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Бағалау

Оцените мой сайт
Барлық жауаптар: 97

Статистика


Онлайн барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0