Биздин ю тубымызга кирендер https://www.youtube.com/chann...

Еңбек Ері Ә.Досымбаевтың туғанына – 100 жыл

Еңбек Ері Ә.Досымбаевтың туғанына – 100 жыл

 

Мен  Әбекеңмен,  Әбдіжапар  Досымбайұлымен  1958  жылы  таныстым.  Ол  аудандық  Кеңесі  атқару  комитетінің  төрағасы  екен.  Осы  жылы  мен  Шу  аудандық  комсомол  комитетіне  хатшы  болып  сайланған  едім.  Бірде  ол  кісінің  қабылдауына  баруға  тура  келді.  Бұрын  кездеспеген  кісіге  телефон  шалып,  қызметімді  айтып,  қабылдауын  өтіндім.  Сөзге  келген  жоқ:  «Кел  қарағым,  қаймықпай  кіре  бергін» -  деп  жылы  ілтипат  білдірді. 

Қабылдауға  өте  риза  болдым.  Мені  баласынбай  бір  үлкен  мекеменің  бастығындай  санады.  Таныстық.  Әбекең  мырс  етіп  күліп  жіберді  де  әрі  қарай  өзінің  аты  Әбдіжапар  екенін  және  де  аупарткомның  бірінші  хатшысының  аты да  Әбжапар  екенін,  көпшілік  Жапар  Түйебекович  деп  атап  кеткенін  түсіндірді.  Күлген  себебін  де  айтты. 

Сол  кездегі  ескі  аудандық  мәдениет  үйі мен  М.Горький  атындағы  мектептің  (қазіргі  Бекмаханов  атындағы)  аралығында  бос  алаң бар  еді.  Соны  жастар  игілігіне  стадион  етіп  пайдалану  жолдарын  айттым.  Әбекең  ризашылықпен  қабылдап,  көмектесті.  Содан  бастап  ара  қатынасымыз  әкелі  баладай  болып  кетті.  Кездескен  жерде  «Я,  аттасым,  қалың  қалай,  қандай  көмек  керек?  Айтып  тұр.  Мен  саған  жақында  пәтер  беремін.  Сол  үйге  көшіп  кел», -  деп  аудан  орталығына  көшіріп  алды.  

Әбекең   1910  жылы  Көкірек  болыстығына  қарасты  Көкірек  ауылында  (қазіргі  Жамбыл  облысы  Мойынқұм  ауданы)  туған.  Бір  жасында  әкесі,  екі  жасында  шешесі  қайтыс  болған.  9  жасқа  дейін  әкесінің  інісі,  үлкен  молда  Аба  деген  туысы  тәрбиелеген.  Баланың  зеректігін  біліп,  жаңа  өкімет  өлтірмес  деген  ниетпен,  оқысын,  білім  алсын  деген  мақсатпен  Балалар  үйіне  (Детский  дом)  мойнындағы  бойтұмарына,  аты  жөнін,  шыққан  тегін  түгел  жазып  жібереді.  Онда  былай деп  жазылыпты:  «Көкірек – Қара – Мырзатай – Орман – Тоңаша – Құлбарақ – Досымбай - Әбдіжапар»

Балалар  үйінде  кейін  қызметтес  болған  Социалистік  Еңбек  Ері,  Меркі,  Луговой  аудандарында  бірінші  басшы  болған  Әзімбек  Смаиловпен,  биыл  100  жылдығы  республика  көлемінде  аталып  өтіп  жатқан  Халық  Қаһарманы  Бауыржан  Момышұлымен  бірге  тәрбие  алып,  оқыған.

   1929-1930  жылдары  Жамбыл  малдәрігерлік  техникумында  білім  алып,  1932  жылы  жолдамамен  Шығыс  Қазақстан  облысы  (бұрыңғы  Семей  облысы)  Көкпекті  ауданындағы  «Большевик»  колхозына  бас  маман  болып  барады.  Осында  қызмет  атқарып жүргенде  1935  жылы  сол  кездегі  Шу  аудандық партия комитетінің  бірінші  хатшысы  Сақыпкерей  Құрамысов  «Әбеке  Шуда  бес  жыл  болды,  аудан  құрылды,  еліңе  қайт» -  деген  шақырумен  Шу  ауданы  жер  бөлімінің  бастығы  болып  тағайындалады.

   1940-1945  жылдары  Жамбыл  облыстық  жер  бөлімін  басқарды.  Бұл  Отан  соғысы  жүріп  жатқан,  тыл  еңбеккерлерін  ұйымдастырып,  күн  демей  түн  демей  бел  шешпей  жұмыс  істеген  кез  еді.  Сол  жылдары  облыстың  алғашқы  бірінші  басшысы  болған  М.И.Ткаченконың  үлкен  ағалық  ұстаздық  қамқорлығын  көрді,  тәрбие  алды.

   1945  жылдың  басында  Әбекең  Талас  аудандық  Кеңесі  атқару  комитетінің  төрағасы  болып  жоғарылады.  Мұнда  ол  өзінің  халыққа  ұйтқы  боларлық,  ұйымдастырушылық  қабілетін  көрсетті.  Облыстағы  мал  өсіруші  ірі  аудандардың  бірі – Талас  ауданы ол  кезде  артта  қалып  қойған  еді.  Зоотехник  мамандығы  бар  Ә.Досымбаев  ұжымшар  басшылары,  олардың  белсенділері  үшін  тек  басшы  ғана  болып  қоймай,  олардың  ақылшысы  да,  шын  досжар  жәрдемшісі  де  бола  білді.

Ә.Досымбаев  істеген  бір  жылдың  ішінде  аудан  өзінің  шаруашылық  көрсеткіштерін  біршама  жақсартты.  Кадрларды  өндіріс  тармақтарына  дұрыс  орналастыру  жұмыстарын  шешті.  Малшылар  еңбегін  бағалап  және  аудан  еңбекшілерінің  ауыл  шаруашылығын  дамытудағы  жетістіктерін  ескеріп,  КСРО  Жоғарғы  Кеңесінің  төралқасы  1948  жылғы  23  шілдедегі  Жарлығымен  32  таластықтарға  Социалистік  Еңбек  Ері  атағын  берді.  Бұл  құрметті  атаққа  аудандық  Кеңесі  атқару  комитетінің  төрағасы  Ә.Досымбаев та  ие  болды.

  Облыс  басшылығы  оны  артта  қалып  қойған  аудандарға  бірнеше  рет  қызметке  жұмсады:  ол  Свердлов  (Байзақ),  Луговой  (Т.Рысқұлов),  Шу  аудандық  Кеңесі  атқару  комитеттерінің  төрағасы  болып  істеді.

  1962  жылы  гельминтология  ғылымының  негізін  қалаушы,  Социалистік  Еңбек  Ері,  КСРО  мемлекеттік  сыйлығының  екі  мәрте  лауреаты,  төрт  академияның  мүшесі,  әлемге  аты  жайылған  К.И.Скрябин  Шу  ауданына  келіп,  аудан  басшыларымен  жануарларды  емдеу  саласы  бойынша  пікірлесіп,  көптеген  ақыл  кеңестерін  береді.  Әсіресе,  бұрыннан  таныс  Ә.Досымбаевпен  шүйіркелесе  кетіп  ветеринария ғылымы  жайлы  ұзақ  сонар  әңгімелеседі.  Өйткені,  ол  Әбекеңмен  бұрыннан  да  таныс  еді. 

1958  жылы  Әбекең  облыстық  атқару  комитеті  төрағасының  орынбасары  болып  тұрғанда  Жамбыл  қаласына  келіп,  облыс  малдәрігерлерімен  кеңес  өткізген  еді.  Сонда  атақты  ғалымның  қасында  жүріп,оның  малшаруашылығын  дамыту  жолындағы  ақыл  кеңестерін  көп  тыңдаған  болатын.

К.И.Скрябин  Шу  ауданында  апта  бойы  болып,  шалғай  шаруашылықтар  мен  елді  мекендерді  аралайды.  Ә.Досымбаев  ұзақ  жылдар  бойы  атақты  ғалыммен  хат-хабар  алысып  байланысын  үзбеген.

Жоғарыда  көрсетілген  аудандардың  экономикасын  көтеруге  Ә.Досымбаевтың  көп  еңбегі  сіңді.  Бұған  оның  Еңбек  қызыл  Ту  орденімен  төрт  медаль,  Қазақ  КСР  Жоғарғы  Кеңесінің  Грамотасы  және  халық  шаруашылығы  жетістіктері  көрмесінің  екі  медалімен  марапатталуы  куә  бола  алады.  

Қашан да  білімге  деген  ынтасы  зор  Ә.Досымбаев  1956  жылы  Алматы  Жоғары  партия  мектебін  бітірді.  Оқудан  кейін  ол  Жамбыл  облыстық  Кеңесі  атқару  комитеті  төрағасының  орынбасары  болып  тағайындалды.  1965  жылдан  1970  жылға  дейін  Мойынқұм  аудандық  Кеңесі  атқару  комитетінің  төрағасы  болып  істеп,  зейнеткерлікке  шықты.  Еңбекке  берілген  ол  сол  жылдың  өзінде  Шу  ауданының  ірі  шаруашылықтарының  бірі - «Белбасар»  кеңшарына  директор  болды.  Бұл  қызметін  1975  жылға  дейін  абыроймен  атқарды. 

   Қай  жерде  еңбек  етсе де  ол  кісі  жол  салдырып  құрылыс  жұмыстарына  үлкен  мән  берген.  1975  жылдан  Социалістік  Еңбек  Ері,  Автомобиль  жолдары  министрі  Л.Б.Гончаровпен  тығыз  араласып  тәжірибе алмасқан.  Оның  ұсынысымен  ауданның  бірінші  басшысы  А.Әспетовпен  ақылдасып,  Жамбыл  қаласындағы  ДСУ-85  жол  құрылыс  мекемесін  шалғай  аудандарға  жақындату  үшін  көшіріп  әкелуді  басқарды.  Оған  алғашқы  бастық  болып  1978  жылға  дейін  еңбек  етті.  Қазір  осы  аудандағы  ірі  құрылыс  мекемесінде  Әбекеңнің  ізі  жатыр.

Өзінің  тынымсыз  адал  еңбегімен,  адамға  деген  кішіпейілдігімен  Әбдіжапар  Досымбаев  халық  құрметіне  бөленіп,  олардың  сеніміне  ие  болды.  Екі  рет,  1947  және  1967  жылдары  Қазақ  КСР-ы  Жоғарғы  Кеңесіне  депутат  болып  сайланды.  Елінің  елеулі  ұлы  Әбдіжапар  Досымбаев  1980  жылы  70  жасында  дүниеден  өтті.

 

Әбжапар  ЖАҚЫБАЕВ,

зейнеткер,  Шу  ауданының Құрметті  азаматы.

 

Кіру формасы

іздеу

Күнделік

«  Желтоқсан 2017  »
ДССсСрБсЖмСбЖс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Бағалау

Оцените мой сайт
Барлық жауаптар: 97

Статистика


Онлайн барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0