Биздин ю тубымызга кирендер https://www.youtube.com/chann...

Құттықтаулар

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҰҒЫРЫ БИІК

 

 

Бәріңізге

бақ-береке тілеймін!

 

 Кіндік қаным тамған Шу топырағынан айналайын! Айды аспанға тағы бір шығарып, ауданның құрылғанына 80 жыл толғандығын жерлестерім жан жүректерімен паш етуде. Елдің мерейтойына шақыру қағазын алғандықтан тебіреніп, толқыдым. Туған елім төбесіне көтеріп жатса, бұдан артық қандай бақыт болады?!

Орта мектепті бітіргеннен кейін ауылдан Алматыға арман жетелеп аттанған едім. Содан бері ұлттық өнер жолында қолдан келгенше халқыма қызмет етіп келемін. Үлкен саханаларға шығып, бағымды сынадым. Өнер сүйер қауым «Әсем әнші, сырлы сазгер» - деп өз бағасын берді. Сол себептен атақ-абыройым да ешкімнен кем емес.

Өнер адамы болғандықтан көбінесе елдің ортасында шығармашылық сапармен болып жүремін. Алыс және жақын шетелдерде болғаным бар. Біраз уақыт Астанада да қызмет еттім. Жүрген жерімнің бәрі жақсы болғанымен өзімнің туып-өскен Шу ауданы көз алдымнан бір сәт кеткен емес. Туған елге деген сағыныш есейген сайын арта беретін сияқты.

Сол сағынышмның белгісі шығар, жақында «Шуақты Шуым» деген әнім жүрегімді жарып шықты. Оның сөзін шулық ақын Ахметжан Қосақов ағаға жаздырдым. Бұл менің атамекеніме деген тағы бір тартуым тәрізді. Бұйыртса, бұл әнді шулық әншілер алдағы дүбірлі тойда орындайтын болады.

Жерлестерімді ауданның мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бәріңізге бақ-береке, зор денсаулық тілеймін!

Марат ІЛИЯСОВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік «Дарын» және Қазақстан Жастар Одағы сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі.



Құрметті

Шу ауданының тұрғындары!

 Қымбатты менің жерлестерім!

 

Қазақ даласындағы көне тарихтан сыр шертетін әрі қазақ мемлекеттілігінің қара шаңырағы, киелі де қасиетті жері – Шу өлкесі. Шу өлкесін өткеннің өнегелі ізінен қалған аманат іспетті десек, сол аманатпен  астасқан жер бесікте менің де қаным тамып, кіндігім кесілген. Құмды-қырқалы төбелерден менің балалық қиялым қанаттанып, болашаққа жол тарттым.

       Сенің келіп жағаңнан,

       Анам талай су алған.

       Сенің келіп жағаңнан,

       Әкем атын суарған, дегендей, Орағат өзенінің бойындағы  Үйсін Төле бидің құтты мекені Жайсаң жайлауында таяғына құт қонған, ауданның озат шопаны әкем мен алғашқы Шу каналының сүрлеуін салған аяулы анамның жастығының өзі, сағыныштың көзі болған Шу өңірі мені ылғи өзіне жіпсіз байлап тұрады.

Сондықтан да Шу ауданының 80 жылдығын бауырынан түлеп ұшқан біз сияқты азаматтар қалай қошаметтесе де жарасады. Шу – менің бөлінбес бір бөлшегім. Туған жердің құдіреті шексіз. Бүгінде мен ел сыйлайтын, еңбегінің жемісін көрген азамат, үбірлі-шүбірлі әулет, ардақты анамын.  Алайда, өмір арнамның қайнар бастауы шалғайдағы Шудан басталғаны сөзсіз.

Құрсағы алтын, көкірегі сырға,  көңілі жырға, қойнауы малға толы шапағатты Шудың 80 жылдығы құтты болсын! Шу шуағына бөленген қадірлі жерлестерімді  құтты мекен тойларымен шын жүректен құттықтаймын! Шу ауданы халқына еңбекте табыс, әрбір отбасына бақыт тілеймін!

        

Құрметпен,                                                       

Астана қаласының Тілдерді дамыту

басқармасының бастығы  

Оразкүл Асанғазы.




Ардақты атамекенім

 

Шу өңірінде болатын шат-шадыман қуанышты естігелі бері етжүрегім елжіреп, тал бойым айрықша бір тебіреніске түскендей. Балдәурен – жастық шағым ойға оралып, көз алдыма кешегі күндердің жарқын белестері елестейтіндей. Қалай десек те, өмір бойы ардақ тұтқан атамекенімнің абыройы асқақтап, жұлдызы жарқырап тұрғандығы мен үшін  ең үлкен мәртебе!

Өзіме саналы тәрбие, сапалы білім берген М.Горький атындағы (қазіргі Е.Бекмаханов атындағы) орта мектептің ардагер ұстаздарына басымды иіп, алғыс сезімімді білдіремін. Олардың баға жетпес тәлім тәрбиесінің арқасында мектепті үздік, ал жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірдім. Ғылыми атақтарымды Мәскеуде қорғадым. Осының бәріне ұйытқы болған алтын ұямды әркезде-ақ мақтанышпен еске алып отырамын.

Осы орайда, әкем мен анамның мен үшін орны бөлек екендігін айрықша айтпақпын. Мәселен, әкем Қали (Мұхамедқали) Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, ерен ерлігімен елге аман оралды. Халқына қалтқысыз қызмет етуді басты мұрат санап, көптеген жауапты қызметтерді абыройлы атқарды. Ауыл шаруашылығының білгір маманы атанды. Ол – Шу ауданының Құрметті азаматы. Анамыз Пашкетай екеуі он бала тәрбиелеп, өсірді. Ұлдары ұяға, қыздары қияға қонып, үбірлі-шүбірлі болуда.

Шу өңірі – менің атамекенім болғандықтан оның қуанышына сүйінемін. Жақсысын асырамын. Ауылға жолым түсе қалса, балғын шағымның куәсі болған қатар-құрбыларыммен сырласқым келеді. Кеудемде елге деген сағыныш көп. Оның бәрін айтып, жеткізе алмауым да мүмкін. Ең бастысы, ел қуанышы құтты болсын!

 

Жібек ҮСЕМБАЕВА,

Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің сектор меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор, ғылыми жоғары білім беру мектептері жөніндегі халықаралық академиясының академигі.




       

Кіру формасы

іздеу

Күнделік

«  Желтоқсан 2017  »
ДССсСрБсЖмСбЖс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Бағалау

Оцените мой сайт
Барлық жауаптар: 97

Статистика


Онлайн барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0