Биздин ю тубымызга кирендер https://www.youtube.com/chann...

Ақсу ауылы

Аудан аймағындағы көкорай шалғынды шөбі, суы мен сыбдыр қаққан қамысы мол, шығысында Қордай, батысында Меркі ауданы, оңтүстігінде көршілес жатқан Қырғыз Республикасымен шектесетін бұл өңірдің халқы негізінен Ботбай руының балалары-Бесторсық, Дода, Қожай тумалары болып келеді. 

Тарихи деректерге сүйене отырып, Ақсу ауылдық округінің өткеніне әріден көз салсақ,  әлемдік деңгейдегі ғұлама Жүсіп Баласағұни мен ортағасырлық оқымысты Әбу Әбд Алла Баласағұни (ат Түрік) осы қасиетті жердің топырағынан шыққан.  Сондай-ақ, Махмуд Қашқаридың әкесі тіпті, оның өзі де Баласағұнда туған көрінеді. ( Ақжол № 65).

Негізінен Ақсу ауылдық округі (бұрынғы Жаңашу ауылдық советі) 1929 жылдан 1946 жылға дейін Жаңашу ауыл советі аталып, оның құрамына Шу өзенінің екі жағынан орын алған үлкенді-кішілі тоғыз колхоз кірген екен. Олар: «Көкқайнар», оны1931 жылдан 1951 жылға дейін Бұтабай Қосқұлақов; «Бірінші май», оны Жүнісбек Байсақалов; «Диханбереке» колхозын Сүлейман Маров; «Каганович» атындағы колхозды Жұпарбай Молдабаев, 1942 жылы Ұлы Отан соғысынан оралған Мәлібек Дауымбақов;  «Жданов» атындағы колхозды Молдақұл Сақалбаев; «Ақсу» атындағы колхозды Белеш Қарсақов, Калинин атындағы колхозды Мамырхан Құдышев секілді өмір тәжірбиесі мол, беделді адамдар басқарған.

Ақсу өзені бойындағы үш колхоз; Ақсу, Жданов және Калинин бірігіп, 1952 жылы  Калинин атындағы колхоз атанды. Осы тұста шаруашылықты Социалистік Еңбек ері, екі мәрте Жоғарғы Советтің депутаты Батима Шимашева басқарып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына өзіндік үлесін қосса,1959-61 жылдары Бақытжан Балгереев, 1964-81 жылдары Жапсарбай Шүленов, 1971-73 жылдары ауылды Қамысбек Нүриев алға жетеледі. Ал,Қалқанбай Итекеев партия ұйымын басқарды. 1974-81 жылдары Айтжан Әбішев  басқарған тұста Баласағұнда тың жаңалықтар орын алып, жаңа үлгідегі мектеп, тас жол, Шу өзеніне көпір салынды.1981-84 жылдары колхозға Бүркітбай Оңғарбаев бастық болды.

1985-90 жылдар аралығында Калинин колхозының еңбеккерлері  Шаймырза Қожағұлов  басқарған кезде астық пен қызылшадан мол өнім алып,. экономикалық даму жағынан алға басты. Осы тұста колхоздың бас экономисі болып, Қалқан Жайықбаев еңбек етті.

1990-93 жылдары Калинин колхозына  Жапсарбай Боқаев басшылық еткен кезде елдің еңсесі көтеріліп, тұрғындардың біразы қосымша жалақыға қол жеткізді, тіршіліктің көзі ашылды.  1993 жылы колхозға бастық болған ауыл азаматы Болатқұл Жақыпбаевтан кейін Ақсу және Оразалы батыр ауылдары екі ауылға екі ауылға бөлініп, Ақсу ауылын Болат Өксікбаев, Дәулет Ағыбаев, Оразалы батыр ауылын Оңгелді Құндызбеков, Варшакидзе, Тоқсанбай Естаев және шаруашылық тарағанға дейін Тоқан Тұяқбаев басқарды. Бүгінде Ақсу ауылындағы Баласағұн АӨК- ін Ташболат Мұратов басқаруда.

Ілгеріде Жаңашу ауыл кеңесінің төрағасы болып, Мұқатай Халықов, Әбдәлім Жақыпбаев басқарса,1991 жылы еліміз егемендік алғаннан кейін Жаңашу ауылдық әкімшілігі Көкқайнар селолық округіне бірігіп, оны Сайлиев Бекен, кейін Ақсу ЖШҚ-ның төрағасы Бақытжан Тілеужанов басқарды. 2001 жылдың көктем айында Көкқайнар селолық округінен Ақсу ауылдық округі бөлініп, өз алдына Ақсу және Оразалы батыр ауылдары бір әкімшілікке айналды. Сол уақыттан бері Талғат Итекеев Ақсу ауылдық округінің әкімі қызметін атқаруда.

Бүгінде Ақсу ауылдық округінде 2677 адам тұрады. Екі ауылдың екі мәдениет үйі, екі мектебі, екі кітапханасы, халықты имандылыққа шақыратын екі мешіті бар.

Елбасының халыққа жолдаған Жолдауындағы 100 мектептің бірі осы Оразалы батыр ауылында салынған Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп болатын. Ол өткен жылдың қыркүйегінен жастарға есігін айқара ашып, білім ұясындағы білікті ұстаздар жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып келеді.

Ж.Баласағұни атындағы орта мектептің жылу жүйесіне биыл 12 млн тенге бөлініп, 33 метр тереңдіктен ауыз су шығарылды, мектеп іші жылы. Баласағұндағы ЖДА, Оразалы батыр ауылындағы ФАП- тың  жылу жүйесі мен кабинеттері күрделі жөндеуден өткізіліп, халыққа қызмет етуді жалғастыруда. Ақсу ауылындағы мәдениет үйі өткен жылы жеке меншіктен мемлекет есебіне алынғандықтан, 2009 жылы қараша айында клубты қайта жөндеудің сметалық жобасы жасалып, биылғы жылы бұл іс қолға алынуда. Сондай-ақ, ауыз су мәселесіне келсек, 2010 жылы су құбырлары қайта жөндеуден өткізіліп, халық кәдесіне жарайды деген сенім бар.

Ақсу-Оразалы бағытындағы 17 шақырымдық авто жолға «Меркі жолдары»ЖШС мен «Тараз  жол сервис» компаниясы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша оған тұрғындардан 28 адам, Оразалы батыр ауылындағы Атбашы каналының жөндеу жұмысына 6 адам тартылып, өздерінің әлеуметтік жағдайын көтерумен қатар халыққа да зор пайда келтіруде. Қазіргі кезде тұрғындар осы канал арқылы егістік жерлерін, бау-бақшаларын суғарып отыр.

Бүгінде округте 1 ЖШС, Баласағұн АӨК мен үлкенді-кішілі 80 жеке шаруа қожалықтары еңбек етуде. Олар биылғы жылы 1000 гектар жерге күздік бидай және үкіметтің тапсырмасы бойынша 50 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп, күту жұмыстарын жүргізуде.

  «Ауылым -алтын бесігім»-демекші, ежелден бұл ауыл тұрғындары мал, егін шаруашылығы және қант қызылшасын өсірумен айналысып, кейбір азаматтар ауданның, облыстың құрмет тақталарындағы тізімге еніп, ерен еңбектерінің арқасында әрдайым марапатқа ие болып отырған. Ленин орденінің иегері, жас кезінде механизаторлық қызмет атқарған, бүгінде зейнеткер  Әлмереков Сұлтанғазы, ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Бимахамбет Сәрсенбаев, қант қызылшасының бригадирі Совет Оспанов, Амантай Қалиев, А.Жұмашев, О.Сырлыбаев, М.Мәліковтердің есімдері газет-журналдарға да шығып жүрді. Сондай- ақ, қыстың ызғары мен жаздың ыстығына төтеп беріп, ат үстінде таң атырып, күнді батырған Сайлиев Ниязбек, Айтілеуов Әлдибай, Айтбаев Ермахан, Анарбаев Білеген, Бошқаев Әбділдә, Тоқсанбаев Әлімбек, Анарбеков Сапар, Өркенбаев Естемес, Айтбаев Жұман, Қарауылов Мұратхан Ізбасаров Серік, Илясов Жайлау, Жапаров Меден, Байенбетов Асылхан сияқты малшы аталарымыздың ерен еңбектері, ауылшаруашылығы мен білім  саласында қызмет еткен ҰОС ардагерлері Ә.Тілеужанов, Ш.Көкімов, С.Исқақов, С.Бекназаров, Ы.Бекмұханбетов, А.Кішкентаев, И.Қашағанов, Т.Ағыбаев, С.Әбікеев, Т.Есекеев, Ә.Жантаев, Ш.Қасымов сияқты аталар мен кеше ғана өмірден өткен Р.Дәулетбақов, Т. Қазанатов сынды ағалардың жас ұрпаққа берген тәлім- тәрбиелері көп деп білеміз.Жаңашу селолық советінде Нұрманғали Өзенбаев, Дүйсенәлі Шауенов, Шәріпқүл Бірімқұлова секілді еңбекке етене жақын адамдар 20 жылдан аса хатшылық қызмет атқарып, халық үшін аянбай еңбек етті.Кешегі күні Калинин колхозының кәсіподақ ұйымын басқарған Қалиев Жайлаубек бүгінде Оразалы ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы.Кезінде ерен еңбек етіп, бүгінде зейнетке шыққан, ауыл тіршілігіне қоян- қолтық араласқан ауыл ағалары Т.Алшынбаев, М.Аралбаев, Ә. Шамаев, О.Есалиев, Н.Дүйсенбаев, Т.Байтов пен Б.Айтқожаев, Ә.Сәбитовтердің ерен еңбектерін атап өтуіміз керек. .

Бұл мекеннің тағы бір тартымды тарихи құндылықтарға толы, тамаша аймағы, ауыл маңындағы ортағасырлық Ақтөбе қалашығы. Мұнда 1974 жылдан бері Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Мемлекеттік университеті археология- этнография факультетінің мұғалімдері мен студенттері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, құпиясы мол тарихи жәдігерлерге қол жеткізуде. Бүгінде бұл жәдігерлер ауылдағы мектеп мұражайы мен Алматы қаласындағы орталық мұражайда сақталуда. Аталып отырған ортағасырлық мекеннің мәдениеті өз алдына бір төбе. Тарихи мәдени ескерткіштерге толы бұл өңірден небір атақ- даңқы өрлеген тұлғалардың шыққаны да жасырын емес. Атап айтсақ,XIX ғасырда Сыпатай батырдың мыңбасыларының бірі болған, Чернияевтен шен алған Оразалы батыр бабамыз. Ол жалпы Ботбай руына билік жасап, өз заманында тоған қаздырып,  халықты отырықшылыққа шақырып, елдің егін шаруашылығымен айналысуына зор ықпалын тигізген екен. Бүгінгі күні бұл тоған «Оразалы тоғаны» деп аталады.

Мәдени іс-шаралар жетістігіне келетін болсақ,  «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы басшылыққа алып, округ әкімі Т.Итекеев өткен жылы Астананың 10 жылдық медалімен марапатталса, биылғы жылы мемлекет қызметкерлерінің арасында өткен облыстық спартакиадада бильярд ойынынан екінші орынды иеленді. Ал, ауыл әкімдігінің бас маманы А.Айтбай белсенді қызмет атқарғаны үшін аудан әкімінің грамотасымен марапатталып, есімі аудан әкімдігінің құрмет тақтасына енді.  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»-демекші, ауыл тұрғындарының атсалысуымен өткен «Ауылға кел, достарым» атты байқауда бірінші орынды иеленіп, теледидарды қанжығамызға байласақ, мәдени шараға белсене қатысқандығы жөнінде округ әкіміне аудан әкімдігі бағалы сыйлықтар тарту етіп, жеңіс тұғырына көтерді. Сондай-ақ, ауылымызда Шу ауданының құрметті азаматы атағын алған Қазақстан Журналистер одағының мүшелері  Сламқұл Нұрғалиұлы мен Мәми Әбдіқұлов, ақын-жазушылар Мәлібектің Сәті, Төреқұл Әлханұлы, жас ақын Б. Жұмабеков Ұлы Отан соғысының ардагерлері Баласағұн ауылының тұрғыны Төленді Босқынбаев, Оразалы батыр ауылынан Жапсарбай Болатқұлов сынды ағаларымыз мақтан тұтар тұлғаларымызға айналып отыр.

«Ауылым-алтын бесігім»-демекші, бүгінгі ауыл өмірі осындай тіршілікпен шектеліп қалмай, алдағы уақытта қай саладан болмасын тек өрге басып, өркендей береді деген сенімдеміз. Осындай тарихқа толы бұл құтты мекенге ауыл тұрғыны С.Мәлібеков «Ақсуым-алтын бесігім»-деп, жүрекжарды жырын да арнаған екен.

 

Бесігім сенсің алтын,

Ақсуым-Анам мені.

Суыңның білем парқын,

Жаныма шипа, емім.

 

Ойың мен жазың, қырың

Менікі бәрі, бәрі.

Желің де айтар жырым,

Дертіме ауаң дәрі.

 

Жігерім, санам, көзім,

Ожданым, намыс, арым.

Әкемсің Ақсу өзің,

Байлығым, бағым, барым.

 

Төсіңде жүзсе аққу,

Қырыңда менің ізім

Мекенсің құтты Ақсу,

Көктемім, жазым, күзім.

 

Қиялды ұштап көгің,

Кіргізсе өмір сәнін.

Талдарың, қурай, шөбің,

Арнаған маған әнін.

 

Шаттықтан есті жимай,

Алшаңдай басқан Дүрмін.

Ақсуым сені қимай,

Қалаға кетпей жүрмін.

 

 

Айдар Айтбай,

Ақсу ауылдық округінің бас маманы.

 

Кіру формасы

іздеу

Күнделік

«  Қазан 2017  »
ДССсСрБсЖмСбЖс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Бағалау

Оцените мой сайт
Барлық жауаптар: 97

Статистика


Онлайн барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0